ШЫМКЕНТ: Жаңа шағынауданда көпқабатты үйде жарылыс болды

0
2 179

Бес қабатты "Адия" тұрғын үй кешенінде газ балоны жарылды. Зардап шеккендер бар.


ШЫМКЕНТ: Жаңа шағынауданда көпқабатты үйде жарылыс болды

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Шымкент қаласында жаңа салынған көп қабатты тұрғын үй кешенінің бірінде газ балоны жарылды. Оқиға 14 маусым күні сағат кешкі алты жарым шамасында болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі Тұран шағынауданындағы бес қабатты "Адия" тұрғын үй кешенінің төртінші қабатындағы балконда көлемі 25 литрлік газ балоны жарылған. Салдарынан 1991 жылы туған әйел адам күйіп қалған. Күйік алған 28 жастағы әйелді көршілері ауруханаға жеткізген көрінеді. Қазір күйік алған науқас Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигинация орталығында жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

"Науқастың денесінің 20 пайызын күйік шалған. Бірінші, екінші, үшінші дәрежелі күйік. Жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр"- деп хабарлайды Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигинация орталығының дәрігері Мақсат Анарбекұлы.

Газ балоны жарылған үйге Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері мен 7 техника жұмылдырылған. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша оқыс оқиғаға 25 литрлік газ балоны редукторының бұзылуы себеп болуы мүмкін.