Жоба ұйымдастырушылары мен мектеп оқушылары қатысты.
Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасы» жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Шымкент жастар лигасы» жобасының ашылу салтанаты өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған спорттық шараға жоба ұйымдастырушылары мен мектеп оқушылары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан алдымен шараға жиналған қауымды бүгінгі Алғыс айту күнімен құтықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- «Шымкент жастар лигасы» - қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жобада бірінші кезекте жоғарғы сынып оқушылары арасында спорт түрлерінен сайыс өтеді. Одан кейін колледж, университет студенттерін қатыстыру жоспарда бар. Жоба жеңімпаздарына 20 миллион теңге беріледі. Бұл жобаға қатысып, жеңіс биігінен көріну - ол оқу ордаларыңыз үшін үлкен жетістік,- деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жобаның мақсаты - мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік-жігерін қалыптастыру. Осы мақсатта барлық мектептерден футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен лигалар және оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылады. Әрбір команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.
Жобаға қала бойынша 140 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысады. Олар 4 спорт түрінен (футбол, волейбол және баскетбол, шахмат) бақ сынайтын болады.
Айта кетейік, бүгінгі ашылу салтанаты барысында мектеп командалары арасында жеребе тасталып, ойын кестесі анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.