ШЫМКЕНТ: «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы инфрақұрылым құрылысы келесі жылы аяқталады

0
948

​ Жол құрылысы да жобаға сәйкес атқарылуда.


ШЫМКЕНТ: «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы инфрақұрылым құрылысы келесі жылы аяқталады

Бүгінде Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында аймаққа арнайы барып, жауаптылардың қатысуымен көшпелі жиын өткізді.

Осыған дейін аталған аймаққа жобада қаралған 12,5 шақырым ауыз су құбырының 90%-ы, табиғи газ құбырларының бүгінге дейін 7,5 шақырымы тартылған. Сондай-ақ 10 шақырым кәріз жүйесі жүргізіліп, электр қуаты желісінің құрылысы 80%-ға аяқталған.
Жол құрылысы да жобаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 13,8 шақырым автомобиль жолының 2,1 шақырымы, ішкі орам жолдардың 10,2 шақырымы жүргізілген.
Мемлекет басшысы отандық тауарөндірушілерді қолдау арқылы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында өңір басшыларына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Президент тапсырмасы аясында бүгінде мегаполисте индустриалды аймақ қатары артып келеді.
Аталған аймақтағы инженерлік инфрақұрылым және автомобиль жолдарының құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады. 306 гектарды алып жатқан алаңда 30-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Қала әкімі жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды тапсырды.