Қалада "shymkart" жүйесін желтоқсан айында пилоттық жоба ретінде енгізу көзделіп отыр.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жуырда ғана республикалық маңызы бар қала статусына ие болған Шымкент болашақта мемлекетіміздегі ең қауіпсіз қалаға айналмақ. Осы мақсатта шаһар басшылығы бірнеше пилотты жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллұлы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
"Келесі жылдан бастап, біз толықтай бейне бақылауға өтеміз. Қалада 50 мың бейне камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның ешбір қаласында 50 мың камера жоқ. Ойлай беріңіз, біз қаласақ кез-келген адамды түріне қарап тауып аламыз және оның атын, тегін, мекен жайын, тіркеу орнын біле алатын боламыз. Мәселен, бір азамат қалаға ұшып келер болса, оның түрін әуежайдан-ақ түсіріп алады. Әрмен қарай, әр камера арқылы бақылап отыратын боламыз. Бұл барлығыңызды аңдып отырудың амалы емес, қылмыскер мен күдіктілердің жүрген-тұрған жерін анықтауға мол мүмкіндік беретін жүйе болмақ ", - дейді Ғабидолла Әбдірахымов.
Сонымен қатар, қалада "shymkart" жүйесін желтоқсан айында пилоттық жоба ретінде енгізу көзделіп отыр. Аталмыш картамен шымкенттіктер шаһарда кез-келген қызмет түріне төлем жасай алады. Бұл карта да қаладағы қауіпсіздік мәселесіне өз үлесін қосады. Ол арқылы азаматтың қай жерлерде жүргенін, қайда кіріп-шыққанын, соңғы рет қайда болғанын жасаған төлемдері арқылы бақылап анықтауға болады екен.