Министр Шымкент тұрғынүй құрылысы мен инвестиция тартуда республикадағы төменгі орындарда тұрғанын айтқан болатын.
"Керуендер қайта оралуда" деген атаумен Шымкент қаласында өткен Silkway Shymkent Summit ауқымды инвестициялық-кәсіпкерлік форумында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарға тартылған инвестиция көлемі 50 пайызға артқанын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«Барлық көрсеткіштер бойынша бізде үлкен өсім бар. Мәселен, құрылыс жұмыстары бойынша 2 есеге, инвестиция 2 жарым есеге. Бірақ, бұл жерде негізгі инвестиция Шымкент мұнай өңдеу зауытының есебінен өсіп отыр. Жаңғырту жұмыстары жүрген. Егер ол зауытты қоспағанның өзінде де, бізде бәрібір 50 пайызға өсім бар», - дейді ол.
Жасыратыны жоқ, қалабасының бұл мәлімдемесі көпшілікті таңқалдырды.
Өйткені, осыдан бір жеті бұрын ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында 2019 жылдың 1 тоқсанын қортындылап баяндама жасаған болатын. Сол жиында министр мырза Шымкент тұрғынүй құрылысы мен инвестиция тартуда республикадағы төменгі орындарда тұрғанын айтқан.
Иә, Шымкент қаласы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы да қалаға тартылған инвестиция көлемінің өсімін растады. Бірақ, ол әкім айтқандай 50 пайыз емес.
«Өткен жылы бізге тартылған инвестиция 180 миллиард теңге болған. Оның ішінде Шымкент мұнай өңдеу зауытына тартылған инвестиция 147,5 миллиард болған. Зауытқа тартылған инвестицияны алып тастаған кезде, қаланың инвестициясы 33 миллиард теңгені құрады. Бұл әкімдік тартқан инвестиция, әкімдіктің жұмысы. Осы жылдың 1 тоқсанында тартылған инвестиция көлемі 38,2 миллиардқа жетіп отыр. Рас, Шымкент мұнай зауытына тартылған инвестиция біздің жұмыс емес. Бірақ, соны алған күнде де 5 миллиардқа өсім бар», - дейді Шымкент қаласы Кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нүркен Бегулиев.
Мейлі, Шымкент қаласына тартылған инвестиция көлемі былтырмен салыстырғанда 5 миллиардқа артқан делік. Алайда, 33 миллардтың 50 пайызы 5 миллиард емес қой. Қарапайым математикамен есептер болсақ, 33 миллардқа 5 миллиард қосылған болса, Шымкентке келіп жатқан инвестиция көлемі шамамен 15 пайыздан асып отыр.
Мұнда қалай есептесе де Әбдірахымовтың 50 пайызға артты деген көрсеткіші көрінбейді.