М.Әйтенов қаланы сапалы интернетпен қамту мәселелері бойынша кезекті онлайн жиналыс өткізді.
Шымкентте 11 байланыс станциясы орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қаланы сапалы интернетпен қамту мәселелері бойынша «Қазақтелеком», «ТрансТелеКом» АҚ директорлары және ұялы байланыс операторларымен кезекті онлайн жиналыс өткізді.
Онда Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Әлібеков қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің 2020-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымен таныстырды.
Оның айтуынша, базалық станция орнату үшін қала аумағынан 11 жер телімі анықталып, Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.
Стратегиялық жоспарда қаланы интернетпен қамту мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құру, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен меморандум түзу, «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық кешенінің қызметін күшейту және санын арттыру, орнатылған базалық станциялардың адам өміріне қауіпсіздігі жөнінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қаралған.
Еліміздің цифрлық даму жолында интернет мәселесінің басты назарда екенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполисті сапалы интернетпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы екенін жеткізіп, салалық қала әкімінің орынбасарына стратегиялық жоспардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.