Азық-түлік себеттері қасиетті Рамазан айының соңына дейін белгіленген тізім бойынша қаладағы 6 мешітте беріледі.
Шымкент қаласында Рамазан айының үш күнінде 2000-нан астам отбасыға «Рамазан қоржыны» үлестірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімдігі мен мешіттердің үйымдастыруымен бастау алған «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясын жалғастырған кәсіпкерлер бүгін қаладағы аудандардың орталық мешіттерінде мыңға жуық отбасыға қайырымдылық жасаған.
Қасиетті айда бастау алған игі шараны шымкенттік қайырымды жандар әлі де жалғастырып жатыр.
Рамазан айының алғашқы жұмасында «Ақмешіт» орталық мешітінде жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен Абай ауданында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға азық-түлік себеті таратылды.
Айта кетейік, азық-түлік себеттері қасиетті Рамазан айының соңына дейін белгіленген тізім бойынша қаладағы 6 мешітте (Ақмешіт, Ордабасы, Бөртөбе, Байғұт баба, Біләл, Сайрам) беріледі. Ал келуге мүмкіндігі болмаған жандардың үйлеріне қораптарды апаруға еріктілер атсалысуда.