Шымкентте ​​АИТВ-мен өмір сүретін әйел дені сау сәбиді дүниеге әкелді

0
10


Шымкентте ​​АИТВ-мен өмір сүретін әйел дені сау сәбиді дүниеге әкелді

Шымкент қаласы. Қазіргі заманғы медициналық тәсілдердің және жергілікті дәрігерлердің жоғары кәсібилігінің арқасында АИТВ инфекциясымен өмір сүретін әйел күрделі жүктілік кезеңінен аман өтіп, дені сау баланы дүниеге әкелді. Бұл нәтиже анадан балаға АИТВ-ның берілуін болдырмау бағдарламасының тиімділігін айқын көрсетеді.

Оқиға 2025 жылдың маусым айында басталды. АИТВ инфекциясы бар әйел Шымкент қалалық ЖИТС орталығына есепке алынғанда, оның жағдайы ауыр деп бағаланды. Жүктіліктің бастапқы кезеңінде (11 апта) науқастың қандағы вирустық жүктемесі өте жоғары көрсеткішке жеткен.

Бұған қоса, дәрігерлердің айутуынша жүктілік келесідей ауыр асқынулармен өткен. Гипохромды анемияның І дәрежесі, құрсақ суының бұлыңғырлануы байқалған. Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) нәтижесінде бір жақты вентрикуломегалия және екі бүйректің жоғарғы уретралық жолдарының кеңеюі тіркелген.

Осы факторлардың барлығы анадан балаға АИТВ инфекциясының вертикальді жолмен берілу қаупін ең жоғары деңгейге көтерді.

Пациенттің жағдайының күрделілігіне байланысты және ана мен сәбидің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әйелдің тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханамен бірлескен кең ауқымды медициналық консилиум ұйымдастырылды.

Консилиум құрамына жоғары білікті мамандар кірді: емхананың гинекология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, мейіргерлер, сондай-ақ ЖИТС орталығының бас дәрігері, оның орынбасары, инфекционист, гинеколог және терапевт дәрігерлер. Науқас қосымша гематолог маманының кеңесін де алды.

Осы кешенді талқылау нәтижесінде науқасқа оңтайлы және жоғары тиімді емдеу режимі тағайындалды. Әйел жүктілік мерзімі бойы дәрігерлердің тұрақты және қатаң бақылауында болды.

Тиімді жүргізілген емдеу және медициналық бақылаудың арқасында әйелдің денсаулығы жақсарып, 2025 жылғы 8 қыркүйекте ол аман-есен, дені сау баланы дүниеге әкелді. Нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық деп танылды.

Ең маңызды дерек: өмірінің бірінші күнінде алынған ПЦР сынамасы Алматы қаласындағы Референс-зертханада жедел тексеріліп, нәрестенің қанынан АИТВ инфекциясы табылған жоқ.

Қазіргі уақытта сәбиге антиретровирустық (АРВ) дәрілік сироп тағайындалып, ол алты апталық профилактикалық курстан өтуде. Сәбидің денсаулығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ол алдағы 18 ай бойы Шымкент қалалық ЖИТС орталығының диспансерлік бақылауында болады.

Бұл жағдай АИТВ-ның анадан балаға берілуін алдын алу бағдарламасының өмірлік маңызын көрсетеді. Заманауи медицина осындай қиындықтарды болдырмауға толық мүмкіндік береді, бірақ ол үшін ерте диагностика қажет.

Сондықтан, жүкті әйелдер жүктілік бойынша және 28-30 апта мерзімінде есепке қою кезінде 2 рет міндетті түрде тегін тексеруден өтуі керек. Олардың жыныстық серіктестері де жүкті әйелді есепке қою кезінде 1 рет тексерілуі тиіс екендігін ескертеді дәрігер мамандар.

Шымкенттегі бұл медициналық жетістік – медициналық ұйымдардың үйлесімді жұмысының және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасының нәтижесі.

Бөлісу