Шымкентте әкім шағын аудандарды аралап, инфрақұрылым мәселелерінің шешімін қарастырды

0
628

Шымкенттің әкімі жүрмелі жиын өткізді.


Шымкентте әкім шағын аудандарды аралап, инфрақұрылым мәселелерінің шешімін қарастырды

ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге қала ішін жаяу аралап, бақылау жұмыстарын жүргізді.

Жүрмелі жиын Ерімбетов көшесінен бастау алып, Шаяхметов, Жолан батыр, Рысқұлов көшелері арқылы Теріскей және 16 шағын аудандарында жалғасып, көшелердің сапасы мен аулалардың тазалығы тексерілді. Сондай-ақ жаяу аралау Жібек жолы, Төреқұлов, Орынбаев көшелерінде жалғасып, Тәуке хан даңғылы арқылы Қазыбек би көшесіне дейін жүріп өтіп, Түркістан көшесіндегі гүлзарда аяқталды.

Аралау кезінде қала тазалығы, жаяу жүргіншілер жолын реттеу, аялдамаларды жаңарту мәселелері пысықталды. Қала басшысының берген тапсырмаларына сәйкес, Ерімбетов көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жол үстіндегі құбырлар біркелкі орналастырылып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қазған жерлер мен құдықшаларға байланысты айтылған кемшіліктер ретке келтіріледі.

Сонымен қатар, қала әкімі Адырбеков көшесіндегі аяқжолдардың сапасыздығын реттеу, жол бойындағы ағаш көшеттерін отырғызуға әзірленген ұңғымаларға қысқа мерзімде талдар егу және аталған көшенің өзге көшелермен қиылысқан жерлерін асфальттауды тапсырды. Осы орайда асфальттардың жалғанған тұсы біркелкі болуын айтып, келесі жылы жөндеу жұмыстары кезінде барлық аяқжолды асфальттау бойынша тапсырма берді. Ал өрнектастар магистралды көшелерге орнатылатынын жеткізді. Сондай-ақ Мәметова мен Жібек жолы қиылысындағы инженерлік инфрақұрылымның салдарынан шөккен жерлерді қалпына келтіріп, Тәшенов пен Майлықожа көшесіндегі есептегіш жәшіктерін жер астына орналастыруды айтты. Ал қаланың қажетті нүктелеріне батырмалы бағдаршам қоюды жүктеді. Оған қоса, Тәуке хан даңғылы мен Орынбаев көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнату мәселесін қарастыруды тапсырды.

Жүрмелі жиын барысында мегаполис басшысы Жібек жолы, Төреқұлов көшесі және өзге де көшелердегі арасы жалғанбай қалған аяқжолдарды реттеп, Жібек жолы мен Төреқұлов көшесіндегі аялдамаларды ауыстыру қажет екенін жеткізді. Әл-Фараби және Қаратау аудандарына қатысты коммерциялық нысандардың алдындағы ирригациялық арықтарды ретке келтіру үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар, жауаптыларға жалпы қаладағы санитарлық тазалық жұмыстарын реттеуді тапсырды.