Шымкентте «Ақжар» қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға жақын

0
171

Қазіргі таңда қосалқы станциядағы жұмыстар толығымен аяқталып, автотрансформаторларға және кабель жүйесіне қуат беріліп, сынақтан өткізілді. Кабель толық қуаттылықта қосылған. Енді нысанды ресми қабылдау актісі дайындалуда.


Шымкентте «Ақжар» қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға жақын

Шымкент қаласында қаланың электр энергиясымен қамту жүйесін айтарлықтай жақсартуға бағытталған аса маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл қосалқы станцияның іске қосылуы қаланың жаңа дамып келе жатқан аудандарын сенімді электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, бастапқы жоспар бойынша 2023 жылы толық бітуі тиіс болған. Алайда, құрылыс барысында болған техникалық және форс-мажорлық жағдайларға байланысты жұмыс мерзімі созылып, жоба 2024 жылға өтпелі болып танылды.

Жұмыстың созылуына себеп болған негізгі фактор – кабель желісінің ұрлануы болды. Өткен жылы 2 шақырымға жуық 110 кВ кабель желісінің ұрлануына байланысты мердігер мекеме «ТПЭП» ЖШС оны өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мамыр айында нысанға арнайы барып, құрылыс қарқынын бақылап, жұмыстарды тамыз айына дейін толығымен аяқтауды тапсырған болатын. Дегенмен, кабельді дайындау, монтаждау және оны жүйеге қосудың технологиялық уақытына байланысты нысанды белгіленген мерзімде тапсыру мүмкін болмады. Мердігер компания нысанды барлық сынақтарды қоса алғанда қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Жобаның жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайды. Бүгінге дейін бұл қаражаттың 6,2 млрд теңгесі толық игерілген. Биылғы жылға жобаны аяқтау үшін 293,6 млн теңге қарастырылған. Құрылыстың ресми аяқталу мерзімі құжаттар бойынша 2025 жылғы 30 қыркүйек деп белгіленген.

Қазіргі таңда қосалқы станциядағы құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Нысан іске қосылуға дайын: автотрансформаторларға және кабель жүйесіне қуат беріліп, сынақтан өткізілді. Кабель толық қуаттылықта қосылған. Ендігі кезекте техникалық талаптарға сәйкес, нысанды пайдалануға беру үшін ресми қабылдау актісі дайындалуда.

Бұл жоба іске қосылған жағдайда Шымкенттің жаңа шағын аудандарының электр қуатымен қамтылуы едәуір жақсарып, қаладағы электр желілеріне түсетін жүктемені азайтады және қаланың энергетикалық инфрақұрылымына тың серпін береді деп күтілуде.

Бөлісу