Шымкент қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы 170 адамның панасына айналған.
Қыс түскелі бері Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғындары көбейген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл орталық өмірде қиын жағдайға тап болған 170 адамға пана болып отыр. Олардың арасында отбасынан айырылып, үйсіз қалған және адасқандар көп. Мемлекеттік орталық олардың әрқайсысына қол ұшын созып, осында тұрақтауына жағдай жасауда.
- Осы орталыққа келгеннен кейін алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеміз. Жуындырамыз, киім-кешектерін жаңасына толығымен ауыстырып, орталыққа қабылдаймыз. Бізге құжатсыз азаматтар, үй-жайынан айырылғандар қабылданады. Біздің бірінші мақсатымыз – ол құжатының бар-жоғын анықтау. Жоқ болған жағдайда оны қалпына келтіруге ықпал жасаймыз. Бір байқағанымыз, мұндағы тұрғындардың көпшілігі шетел азаматтары. Тағдырлары да әр қилы. Ал мақсаттары өз Отанына оралып, отбасымен қауышу, - дейді Сәуен Жанысбаев, қалалық «өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» директорының орынбасары.