Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Атап айтқанда, қалада «Грамад» сауда желісінің 22 нүктесі, «Магнум» желісінің 26 нүктесі, «Маркет» желісінің 2 нүктесі, «Қасқасу-С» шаруа қожалығының көкөніс сататын 5 сауда орны және «Qaz Et» ет павильонының 5 нүктесі, сондай-ақ «Бәйтерек» шаруа қожалығының 3 сауда орны жұмыс істейді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік дүкендердің санын арттыру мақсатында халық тығыз орналасқан аумақтарда «Бақша» атты 14 жаңа әлеуметтік дүкен іске қосылды. Қазіргі таңда тағы 10 қосымша сауда нүктесі орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл дүкендерде күнделікті тұтынуға қажетті негізгі азық-түлік өнімдері нарықтағыдан төмен бағада сатылады. Мұндай қадам халықты қолжетімді бағадағы тауарлармен қамтуға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған тиімді бастама болып отыр.
Бұдан бөлек, қала аумағында апта сайын 6 жерде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Онда әр апта сайын шамамен 150 тонна күнделікті тұтынатын тауарлар нарық бағасынан 10–15 пайызға арзан бағада сатылады. Жәрмеңкелерге 300-ге жуық кәсіпкер тұрақты түрде қатысады.
Жәрмеңкелердің өткізу орындары мынадай:
• әр жұма күні — «Шымсити» шағын ауданындағы №21 көпқабатты үйдің алдындағы автотұрақта;
• әр сенбі күні — «Тұран-2» шағын ауданында және «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағында, сондай-ақ «1000 ұсақ-түйек» дүкені алдында;
• әр жексенбі күні — «Тұран» шағын ауданындағы «Zharqyn tau» сауда үйінің және «Астана» шағын ауданындағы №74, №77 үйлердің артындағы автотұрақ аумағында өткізіледі.
Сонымен қатар, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың жүктемесін төмендету мақсатында ірі сауда желілерімен меморандумдар жасалып, «Береке Fest» республикалық акциясы ұйымдастырылуда.