2026 жылға қарай қалада тағы алты станция салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының жол инфрақұрылымын сақтау, жолдардың тозу мерзімін ұзарту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) орнатылуда. Бұл бастама ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын бақылауға және жолдарға келтірілетін залалдың алдын алуға бағытталған.
Жобаны жүзеге асыруға 2024–2025 жылдарға арналған жалпы сомасы 1,021 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде мердігер компания ретінде «QSM Engineering» ЖШС анықталды.
Бұл маңызды жобаның барысы туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек егжей-тегжейлі айтып берді.
Биылғы жылы бөлінген 308,6 млн теңге есебінен жобаның бірінші кезеңіндегі алғашқы үш станцияның құрылысы толығымен аяқталып, қазан айынан бастап толық іске қосылды. Бұл станциялар қаланың транзиттік жүктемесі жоғары негізгі бағыттарында орналасқан:
- Шымкент–Сайрам бағытындағы Жібек жолы көшесінде;
- Бердібек қожа көшесінде;
- Әмір Темір көшесінде.
Бұл АӨС-тер ауыр жүк көліктерінің жылдамдығын төмендетпей-ақ, олардың жалпы салмағы мен осьтік жүктемесін автоматты түрде өлшеуге мүмкіндік береді.
2026 жылға қарай қала аумағында жолдарды бақылау жүйесін одан әрі кеңейту мақсатында тағы алты қосымша станция салу жоспарланып отыр. Бұл жобаның құны 712,6 млн теңгені құрайды. Жаңа станциялар орналасатын негізгі бағыттар:
- Әл-Фараби көшесінде (Ынтымақ және Исфиджаб аумағында);
- Темірлан тасжолында (Әуежай маңында);
- Бәйдібек би даңғылында (Бозарық ауданында);
- А-2 айналма жолында (Ипподром маңында);
- Шымкент–Ташкент тас жолында.
Бұл станциялар желісі қалаға кіреберіс және ішкі маңызды жолдарды толық қамтуды қамтамасыз етеді.
Әкім орынбасары ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы жолдардың тез тозуына және қызмет ету мерзімінің қысқаруына әкелетінін ескерте отырып, бұл бастаманың жолдардың ұзақ мерзімге шыдамдылығын қамтамасыз етуге және салмақ нормаларын бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. АӨС жүйесінің іске қосылуы Шымкенттегі жолдардың сапасын сақтаудағы маңызды құқықтық тетік болып отыр.


