Шымкентте азық-түлік бағасы тұрақтанды

0
2 622

19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бекітілген.


Шымкентте азық-түлік бағасы тұрақтанды

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бекітілген. Бүгінде елімізде бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы өндірушінің өзіндік құнының артуымен және өндірісте пайдаланатын шикізат бағасының өсуіне байланысты қымбаттаған болатын.

Атап айтқанда, жұмыртқаның қымбаттауына тауық азығының орта есеппен 40%-ға өсуі әсер етіп отыр. Осыған байланысты Шымкент қаласында 1-санатты жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорынан «Шымкент құс» тауар өндірушісіне айналымға қарыз қаражат беріліп, өндіруші кәсіпорын жұмыртқа данасын 31 теңгеден босатып, «Грамад» (1. Жібек жолы көшесі, №58; 2. К.Төлеметов көшесі, №69/42; 3. Б.Момышұлы даңғылы, №6; 4. Ә.Жангельдин көшесі, №3) және «Фиркан» (1. Капал батыр көшесі, №6/4; 2. Тәуке хан даңғылы, №330 «Фиркан Сити»; 3. Адырбеков көшесі, №117/1; 4. Ш.Уалиханов көшесі, №213 «11 ш/а») сауда желілерінде 10 данасы 322 теңгеден сатылуда.
Ал, құмшекердің қымбаттауына РФ, Белоруссия және Жамбыл облысындағы қант өндіруші зауыттарының бағасы өсуі болып табылады. Аталған тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында, «Юпекс» ЖШС-не айналымға қарыз қаражат беріліп, 2 000 тоннаға жуық құмшекер қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, өндірісте пайдаланатын шикізаттың (күнбағыс тұқымы көлемінің азаюы) және шикі майға әлемдік бағаның өсуіне байланысты күнбағыс майының бағасы қымбаттап отыр. Осы орайда күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беріледі. Нәтижесінде 500 мың литр күнбағыс майы қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының күнбағыс майын және құмшекерді белгіленген сауда нысандарында нарық бағасынан төмен бағада тұтынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тұрақтандыру қорының айналым механизмі бойынша «Фиркан» және «Грамад» сауда желілеріне айналымға қарыз қаражат беріліп, аталған сауда нысандарынан бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағада сатып алуға мүмкіндік бар.
Бірінші сұрыпты ұннан жасалған қалыпты бөлке нан бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында 4 мың тоннаға жуық бірінші сұрыпты ұн қамтамасыз етіледі.
Одан өзге, баға тұрақтылығын сақтау үшін қаладағы 4 ірі базар аумағында және тығыз орналасқан аймақтағы 4 орында «Hermes» ЖШС-ның жылжымалы әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылып, көкөніс өнімдері белгіленген бағада сатылуда.
Қаланың 4 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұтыну тауарлары нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада сатылып жатыр.