Мерекелік іс-шараға Шымкенттегі 17 этномәдени бірлестіктердің өкілдері қолдау білдірген.
Шымкентте Балалар жылы аясында және Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Біз бақытты баламыз!» атты ауқымды мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мерекеге Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болды. Оған басқарма басшылығы мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, қаладағы түрлі этнос өкілдерінің ата-аналары мен балалары, жалпы 300-дей адам қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шараға Шымкенттегі 17 этномәдени бірлестіктердің өкілдері қолдау білдірген.
Айта кетейік, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында жыл соңына дейін бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған. Ондағы мақсат түрлі этнос өкілдерінің балаларын қазақ мәдениетіне, қазақи танымға үйрету.
Жиынға қатысқан қонақтар балаларды мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді.
- Лайым әр шаңырақтан бала күлкісі кетпесін. Бала – біздің болашағымыз десек, Қазақстанның жарқын болашағы ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Сіздерді қос мерекемен құттықтай отырып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосады деген сенімдемін. Баршаңызға бақытты балалық шақ тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміздің ертеңі жарқын болсын!, - деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов.
Сонымен бірге, Шымкент ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Төлепов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашижановтар да сөз алып, жиынға жиналғандарды қос мерекемен құттықтады.
Іс-шара барысында қаладағы оқушылар сарайының «Айгөлек» хореографиялық би ансамблі, «Алтын ғасыр» әншілер тобы, аниматор-қуыршақтар және басқа да өнерпаздар өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан кейін балалар түрлі ойын алаңшаларында асыр салып, ойнап, мәз-мәйрам болды.