Шымкентте Наурызнама онкүндігі аясында халықаралық «DamDastour» гастрономиялық фестивалі өтіп жатыр. Аталған іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық және әлемдік асхананың үздік үлгілерін таныстыруға бағытталған.
Бүгінде Наурыз мерекесінің сегізінші күні аясында қала тұрғындары мен алыс-жақыннан келген қонақтар түрлі мәдени және гастрономиялық іс-шаралардың куәсі болуда. Қаланың орталығындағы Әл-Фараби алаңы гастрономиялық қалашыққа айналып, мұнда 50-ден астам мейрамхана мен кондитерлік дүкендер өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, кең дастархан жайды.
Фестиваль аясында келушілер дәстүрлі қазақ тағамдарымен қатар еуропалық және азиялық асхананың таңдаулы дәмдерін татып көру мүмкіндігіне ие болуда. Наурыз мерекесінің басты тағамы – Наурыз көженің де бірнеше түрі ұсынылған.
«DamDastour» фестивалі ұлттық және халықаралық гастрономияны кеңінен насихаттауды мақсат етеді. Іс-шара барысында халықаралық деңгейде танылған аспаздар өз шеберліктерін көрсетіп, авторлық тағамдарын көпшілік назарына ұсынуда.
Сонымен қатар, фестиваль аясында гастрономиялық байқау ұйымдастырылып, үздік кәуап, үздік палау, үздік самса және үздік ұлттық тағам номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Байқау қорытындысы бойынша үздіктер түнгі салтанатты рәсімде марапатталатын болады.
Іс-шара кешке дейін жалғасып, Әл-Фараби алаңына келушілер саны арта түсуде.


