Орталықта күн сайын 70 қарияға әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі.
Шымкентте белсенді өмір сүруге арналған арнайы орталық ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Үш қабаттан тұратын ғимаратта интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) залдары бар. Тіпті, балаларға арнап жабдықталған ойын бөлмелерімен қамтылған.
Күн сайын күндізгі уақытта 4 сағат бойы 70 қарияға әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтың негізгі мақсаты – егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттарға және белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға, сонымен қатар зейнеткерлік жасына жеткен азаматтарға жартылай стационарлық көмек көрсету болып отыр.
Орталық Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасымен өзара әріптестік туралы меморандумының нәтижесінде ашылды. Сондай-ақ, қарттармен қоса ата-анасының жан жылуына сусаған балаларға да қызмет көрсетіледі. Орталыққа келетін қариялардың өткен өмірлік тәжірибесін үлгі өнеге ретінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бойына сіңіре отырып, олардың қоғам алдында өздерін жауапты тұлға ретінде сезінуі мен өз Елінің патриоты болуы бағытында атқарылатын мәдени іс-шараларды жүзеге асырылады.