​ШЫМКЕНТТЕ ИРАННЫҢ 3-ШІ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

0
208

Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуы жоспарланған.


​ШЫМКЕНТТЕ ИРАННЫҢ 3-ШІ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

Шымкент қаласында Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған ірі халықаралық іс-шараны қабылдауға дайындық жүріп жатыр. 2025 жылғы 12–15 қазан аралығында қаладағы Көрме орталығында Иран Ислам Республикасының 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді.

Бұл маңызды оқиға туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) ақпарат алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл шара Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және екі ел арасындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Көрмеге Иранның инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттар бойынша жетекші компаниялары, сондай-ақ іскер топтардың белсенді өкілдері қатысады. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін ирандық серіктестердің өндірістік және технологиялық әлеуетімен тікелей танысуға тамаша мүмкіндік береді.

Көрме аясында келушілерге Иранның өндірістік және өнеркәсіптік саласындағы әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлері ұсынылады. Атап айтқанда, көрмеге тоқыма және тұрмыстық тауарлар қатарынан машинамен тоқылған жоғары сапалы кілемдер, жиһаз, тоқыма бұйымдары және тұрмыстық техника қойылады. Тағам өнімдері саласы бойынша түрлі тәттілер, сүт және құрғақ сүт өнімдері таныстырылмақ. Құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты полимерлі құбырлар мен құрылыс материалдары, болат және алюминий бұйымдары, тұрмыстық химия және гигиеналық тауарлар да ұсынылады.

Бұдан бөлек, логистика, транзит және сауда қызметтері, сондай-ақ мұнай-газ саласына арналған инженерлік және техникалық жабдықтар салалары бойынша да заманауи үлгілер ұсынылмақ. Көрмеге Иранның сауда палатасы, «Нуре Тус» экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтарының белді өкілдері қатысады. Бұл алаң қазақстандық кәсіпкерлерге ирандық серіктестермен тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді ынтымақтастық келісімдерін жасасуға және жаңа сауда жолдарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапынан іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуы жоспарланған. Шымкент қаласы әкімдігі бұл мәдени-экономикалық шараның екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенімді.

Бөлісу