Шымкентте қала әкімі емдеу мекемелерінің жұмысын тексерді

0
606

Қала басшысы жауапты қызметкерлерге білікті мамандарға қолдау көрсету арқылы балалардың денсаулығын жақсартуға қажетті барлық шараны қадағалауды тапсырды.


Шымкентте қала әкімі емдеу мекемелерінің жұмысын тексерді

ERNUR.KZ. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге қала аумағындағы бірқатар медициналық мекемені аралады.

Педиатриялық қызмет орталықтандырылған 495 төсек орындық қалалық Балалар клиникалық ауруханасында 18 бейін бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Бюджет есебінен алынған аппараттардың көмегімен мұнда күрделі оталар жасалып, операция саны артуда. Ал келесі жылға алынған қан айналымы құрылғысының көмегімен ауруханада кардиохирургия бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
Қала басшысы жауапты қызметкерлерге білікті мамандарға қолдау көрсету арқылы балалардың денсаулығын жақсартуға қажетті барлық шараны қадағалауды тапсырды.

Ғабит Әбдімәжитұлы соңғы жылдары қызмет сапасын жақсарту мақсатында түрлі жоба қолға алынған № 6 емхананың жұмысымен де танысты. Медициналық ұйымдар арасында алғаш болып GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілген. Нәтижесінде емханада нәрестелер өлімі көрсеткіші төмендеп, қызмет сапасы артқан.
Емхана жұмысын оң бағалаған қала әкімі бас дәрігердің халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы тың ұсыныстарына қолдау білдірді.

Ал қалалық № 4 емхана 3 бөлек ғимаратта орналасқан, алайда үшеуі де типтік үлгіде емес. Биыл Денсаулық сақтау басқармасының жоспарына сәйкес бюджет қаражаты есебінен емханаға ЛОР комбайн, цифрлық рентген, стоматология аппараты және микроскоп сатып алынды. Бүгінде мұнда консультативтік-диагностикалық қызметтің түрі көбейіп, сыртқы жолдамалар едәуір төмендеді. 37 мыңға жуық адам тіркелген емханаға қазіргі уақытта бір ауысымда 500 пациентті қабылдайтын жаңа ғимарат қажеттілігі туындауда.

Қала басшысы жауапты қызметкерлерге қаржыландыру көздерін қарастыра отырып, жаңа ғимарат құрылысын қолға алу бойынша нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ қала әкімі № 2 ауруханада болып, ангиогроф қондырғысы арқылы жасалатынын операциялар барысымен танысты. Бүгінде медициналық нейроинсульт бөлімшесі тиімді жұмыс атқаруда. Ауруханада келушілерге арналған күту залын, науқастарды қабылдайтын қосымша бокстардың жұмыстарын қадағалады.

Қала басшысы аурухананы күрделі жөндеу кезінде кеткен кемшіліктерді мердігер есебінен қайта қалпына келтіру бойынша тапсырма беріп, аурухана аумағын көгалдандыру жұмыстарын жергілікті бюджет есебінен атқару жолдарын қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, сала басшысына жергілікті халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында кешенді шараларды жүзеге асыруда бірқатар тапсырма жүктеді.