​​​Шымкентте қарт ананы қыздары мен күйеу балалары үй үшін ұрып тастаған

0
2 685

Бұл сұмдықты перзенттері жабылған жала дейді.


​​​Шымкентте қарт ананы қыздары мен күйеу балалары үй үшін ұрып тастаған

фото Newsroom.kz

Шымкентте қарт ананы қыздары мен күйеу балалары үй үшін ұрып тастаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Туған қыздары үйді бөліске саламыз деп өз аналарын таяқ астына алған. Кейуананың шарасыз күйі тіпті видеоға да түсірілген. Кейін әлеуметтік желі арқылы тараған. Бұл сұмдықты перзенттері жабылған жала дейді.

Жетпістен асқан кейуана сөзінше оны мұндай күйге туған қыздары түсірген. Желтоқсанның біріне үйіне келген перзенттері қара шаңырақтың бөлісін даулады дейді. Әжейдің айтуынша, төбелеске айналған жанжал соңы оның таяқ астында қалуымен аяқталған.

- Үйге аяқтарын шешпей кіріп келді. Кірген бойда қыздым бас салды. Менің қолымды есікке қысып, қолымды сындырды. Кейін екі қыз мені тепкілей бастады, – деді қала тұрғыны Алтынгүл Асқарова

7 баланы дүниеге әкелген ананың айтуынша бәленің бәрі 3 жыл бұрын басталған. 2018 жылы жолдасы қайтыс болған соң жарты жылдай жалғыз өзім тұрдым дейді. Осыдан кейін қолына қызы көшіп келгенін айтады. Және немерелерін мектепке орналастыру үшін белгісіз құжатқа қол қойыпты. Араға 10 күн салып қолындағы қызы қайтыс болған.

- Кейін қарасақ біз 10 млнға үйді сатып алдық деп жазған екен. 10 млн түгілі мен 1 млн да алған жоқпын, – деді кейуана.

Содан бері бітпей келе жатқан үй дауына қатысты екі рет сот өткен. 71 жастағы әжей екеуінде де жеңілдім дейді.

- Сот шешімі заңды. Бірақ әділетсіз. Әжейдің екі қызы мен екі күйеу баласы келіп, ұрып-соққан. Мұны естіп шыдай алмадым. Ұтылсақ та бұл мәселені елге жариялауым керек, – деді қорғаушы Еркін Қаһаров.

Әжейдің екі қызы мен бір ұлы анасынан теріс айналса, бір қызы жанында жүр. Үйді сатып алдым деп ақталған күйеу баласы былықтың бәріне әжейдің жанындағы қызы кінәлі дейді. Сөзінше, қара шаңырақты қариядан 10 млн теңгеге сатып алған.

- Мен басында қарсы болғам баруға, қоймай қойды, апаның өзі де жалынып, келіншегім көндіріп, сол жерге бардық. Әйтпесе оған дейін де пәтерде тұрдық. Мен ол кісіні қуып жатқан жоқпын. Мен ол жерге барған да жоқпын. Отбасы бұрын жақсы еді. Қазір апаға қарап отырған қызы айдап салып отыр, - дейді әжейдің күйеу баласы Сәбит Балтабеков.

Ал, полицейлердің тарапынан, жаға ұстатарлық жағдайға байланысты тергеп-тексеру амалдары басталған. Айдың күннің аманында өз балаларымен жауласқан ақ жаулықты қазір қара шаңырағында тұрып жатыр. Себебі үйдің 8/1 бөлігі өзіне тиесілі. Сот үкіміне келіспеген ол өз еңбегіммен салған үйден тек сүйегім шықсын деп отыр.