Қаламызда қазіргі таңда 9 оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың 8 айында 6354 бала оңалту қызметімен қамтылған.
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында маңызды жиын өтті. Онда Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы ұйымдастырылды.
Жиынға партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасарлары Ербол Байқонысов пен Талғат Балтабаев, партия қызметкерлері, кеңес мүшелері, тиісті басқармалардың мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібі аса өзекті мәселелерді қамтыды:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған басым бағыттарды талқылау.
- «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру барысы.
- Алдағы «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалінің дайындық жұмыстарын талқылау.
Жиында Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қалдықараев баяндама жасады. Ол ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және қалада қолжетімді орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы толық мәлімет берді.
Атап айтқанда, биылғы жылы мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету үшін 15,8 млрд теңге бөлінгені және оның 10,8 млрд теңгесі тиімді игерілгені айтылды. Бұл – әлеуметтік қамсыздандыруға деген айтарлықтай үлес.
Сондай-ақ, қаладағы 160 әлеуметтік нысанды мүгедектігі бар азаматтарға бейімдеу жоспарланса, қазіргі таңда оның 79-ы (49,4%) бейімделіп, арнайы «inva.gov.kz» базасына енгізілгені жеткізілді. Бұл көрсеткіш әлі де арттыруды қажет ететіні белгілі.
Денсаулық сақтау басқармасының ұсынған ақпараты да өзекті болды. Онда 2025 жылы балалар арасында алғаш рет мүгедектікке шығу 732 жағдайды құрағаны және бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артқаны атап өтілді. Жалпы қаладағы мүгедек балалар саны 8411 баланы құрайды.
Мүгедектіктің негізгі себептері ретінде жүйке жүйесі аурулары, туа біткен аномалиялар және психикалық бұзылыстар аталды.
Осыған байланысты, қаламызда қазіргі таңда 9 оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы 8 айында бұл орталықтарда 6354 бала оңалту қызметімен қамтылған. Бұл оңалту қызметтерінің қолжетімділігі мен маңыздылығын көрсетеді.
Кеңес барысында қатысушылар әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, қоғамда тең мүмкіндік пен әлеуметтік әділдік қағидаттарын ілгерілету жөнінде пікір алмасты. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жұмыстарды күшейту және инклюзияны дамыту — алдағы басты міндет болып қала бермек.


