Шымкентте «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» жобасы аясында тағылымды кездесу өтті

0
86

Президент кітабындағы тағылымды ойлар талқыланды


Шымкентте «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» жобасы аясында тағылымды кездесу өтті

Шымкентте академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған тағылымды кездесу өтті.

Басқосуда кітапта көтерілген елдің дамуы, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі, заң мен тәртіп және азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар Мемлекет басшысының еңбегінде айтылған ойлардың бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталып, кітаптағы тұжырымдарды қазіргі қоғамдық өмірмен байланыстыра отырып пікір алмасты.
Кездесуге университеттің тәрбие және жастар бөлімінің басшысы Данияр Жомартұлы, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жұман Жансерік, тарих, құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Кемелбек Қанатбек және Нартбаев Шымырбай қатысты.
Жиын барысында жастардың білімге ұмтылысы, таңдаған мамандығына адалдығы және ел алдындағы жауапкершілігі туралы ойлар ортаға салынды. Қатысушылар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Шымырбай Жақсыбайұлы өз сөзінде патриотизмнің адамның күнделікті ісіне деген адалдығынан басталатынын айтты.
– Әрбір жас өзін елінің патриотымын деп сезінуі үшін алдымен таңдаған мамандығын терең меңгеріп, өз кәсібін шын жүрегімен сүюі керек. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбегін адал атқаратын азамат қана қоғамның дамуына нақты үлес қоса алады. Сондықтан жастар үшін білім алу мен кәсіби тұрғыдан қалыптасу елге қызмет етудің маңызды жолдарының бірі, – деді ол.
Оның айтуынша, кітапта жастарға ой салатын тағылымды тұстар аз емес. Еңбекте мемлекет пен қоғамның дамуына қатысты мәселелермен қатар, әр азаматтың ел алдындағы міндеті мен жауапкершілігі туралы да маңызды тұжырымдар қамтылған.
Кітапты талқылау барысында қатысушылар еңбекте көтерілген мәселелерді тек оқып, түсінумен шектелмей, оларды күнделікті өмірмен және жеке ұстаныммен байланыстыра білудің маңызына тоқталды. Себебі қоғамның дамуы тек мемлекеттік деңгейдегі бастамаларға емес, әр азаматтың өз ісіне жауапкершілікпен қарауына да байланысты.
Жалпы, кездесуде кітаптың мазмұны жан жақты талданып, жастар мен ұстаздар арасында пікір алмасу өтті. Осындай басқосулардың негізгі мақсатының бірі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдық мәселелерге өзіндік көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік беру.
Әділетті қоғам құру жолында білімді, еңбекқор және жауапты азаматтың орны ерекше. Ал мұндай қасиеттердің қалыптасуына кітаптың берер тағылымы мол.
Бөлісу