​Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасына 67 мыңға жуық адам қатысуға тіркелді

0
87

Бұл тізімдерге «Қазақстан әдебиетінің 100 танымал кітабы» жалпыұлттық дауыс беру арқылы іріктелген шығармалар, әлемдік әдебиеттің үздік туындылары және ұлттық мәдени мұрамызды насихаттайтын шығармалар, сондай-ақ әлемдік деңгейде мойындалған бестселлерлер енді.


​Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасына 67 мыңға жуық адам қатысуға тіркелді

Қыркүйек айында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – елімізде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. Негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, сыни ойлауды дамыту және кітапты білім, шабыт және зияткерлік өсудің негізгі көзі ретінде нығайту.
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады және Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына шығаруды көздейді.
Бір ай көлемінде 3 аймақтан 189 221 адам қатысуға өтінім берді.
Қарағанды облысы бойынша 67 438 қатысушы тіркелсе, Қостанай облысы бойынша 55 281 азамат өтінім берген. Ал Шымкент қаласынан 66 502 өтінім келіп түсті.
Оның ішінде 6-10 сынып аралығындағы 87 157 оқушы, 14 049 педагог, 2388 жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметші, сонымен қатар 36 553 отбасы, 29 085 колледж және жоғарғы оқу орны студенті қатысуда.
Байқау қатысушылары «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» негізгі алты санат бойынша сайысқа түспек.
Жобаның екінші кезеңінде тіркелген әр қатысушы, бекітілген тізімдегі 15 кітапты оқуы кажет. Әр бағыт үшін сарапшылар мен тиісті саланың өкілдері дайындаған тізім қатысушылардың жасы мен қызығушылықтарына бейімделген, шығармаларды таңдауда патриотизм, жауапкершілік, білімге құштарлық, сыни ойлау сияқты құндылықтарды дамытуға баса назар аударылды.
Бұл тізімдерге «Қазақстан әдебиетінің 100 танымал кітабы» жалпыұлттық дауыс беру арқылы іріктелген шығармалар, әлемдік әдебиеттің үздік туындылары және ұлттық мәдени мұрамызды насихаттайтын шығармалар, сондай-ақ әлемдік деңгейде мойындалған бестселлерлер енді.
Әр бағыт бойынша ережелер мен оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі www.reading-nation.kz сайтында жарияланған.
Шымкент қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсе жетекшісі Ақан Бесбаев:
- «Қаламызда қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы тұрғындардың рухани өміріне тың серпін беруде. Жоба аясында кітапханаларда, мектептерде және жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған кездесулерде қала тұрғындарының айрықша қызығушылығы айқын байқалды. Әсіресе жастар қауымының белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық – олар кітапты тек білім алудың құралы ретінде ғана емес, ой еркіндігі мен жан-жақты дамудың кілті ретінде бағалауда. Бұл бастама қаламыздың мәдени келбетін байытып, білімге құштар жаңа буын қалыптастыруға зор үлес қосуда».
Жобаны «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры «Аманат» партиясының және Қарағанды, Қостанай облыс және Шымкент қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асыруда. Бас демеуші — Alageum Electric компаниясы.
Байқаудың қорытындысын 2026 жылдың сәуір айында жариялау жоспарланып отыр.
Бөлісу