Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының келуіне және таралуына қарсы барлық шаралар қабылдануда.
Шымкентте коронавирусқа қарсы сақтық шаралары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында министрліктерге бірқатар тапсырма берген болатын.
Үкімет мәжілісінің селекторлық отырысына (онлайн режимде) Шымкент қаласындағы жауапты мамандар да қатысып, оларға нақты тапсырмалар жүктелді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирус инфекциясынан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемдегі жағдай күрделі. Өздеріңіз жақсы білетіндей, қазіргі уақытта вирус елуден астам елде анықталып, өте жылдам таралуда. Қазір Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру керек», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Асқар Маминнің айтуына қарағанда, коронавирустың таралуы әлемдік экономикаға үлкен әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп, транзит, саудаға, экспортқа кері әсері байқалуда.
«Осы ретте Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдау керек. Министрліктердің атап өткен ұсыныстарын қолдаймын. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі барлық мемлекеттік шекаралық өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, әзірленген іс-қимыл алгоритмін іске асыруға дайын болуын қамтамасыз етсін. Екіншіден, Сыртқы істер министрлігі бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық шараларды ауыстыру бойынша ұсыныстарды енгізсін. Коронавирус инфекциясы таралған елдер үшін транзитті, электронды, туристік визаларды тоқтату қажет», - деді ол
Айта кетсек, Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының келуіне және таралуына қарсы барлық шаралар қабылданып отыр. Медициналық ұйымдар сақадай сай дайын және күн сайын қалаға шетелден келген әрбір адамға мониторинг жасалады. Бұл ретте азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырамыз және өтірік мәлімет таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.
Бүкіл сенімді ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.