Аялдамаларда тазалық жұмыстарымен бірге ілінген заңсыз жарнамалар алып тасталынды.
Шымкент қаласындағы аудан аумақтарында тазалық жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әл-Фараби ауданындағы басты көшелер мен аялдамаларға механикалық жуу және қолмен тазарту жұмыстары жүргізілді.
Атап айтсақ, А.Байтұрсынов көшесі, Тәуке хан даңғылы, Түркістан, Б.Момышұлы және Желтоқсан көшелері сұйық сабынмен жуылуда.
Аялдамаларда тазалық жұмыстарымен бірге ілінген заңсыз жарнамалар алып тасталынды. Сондай-ақ, автобус бекеттерінің айналасы сыпырылып, қоқыс жәшіктері жуылды. Аталған жұмыстарға 12 техника мен 50 жұмысшы тартылды.
Тазалық жұмыстары Абай ауданында да жалғасты. Аудан аумағында санитарлық тазалық, шөп ору жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауданда мердігер мекеме тарапынан негізгі көшелер мен ішкі орамдық көшелердің және аулалардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті таңғы сағат 5:00-ден бастап жүргізілуде. Орталық көшелердегі қоқыс алаңдары күнделікті, ішкі орамық көшелер аптасына бір рет тазаланады.
Тазалық жұмыстарына мердігер мекеме «Build Stroi» ЖШС тарапынан 300-ге жуық жұмысшы мен 120 техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, шөп ору жұмыстарына 4 бригада 45 қызметкер, 35 мотокосилка және газон ору жұмыстарына 5 бригада 30 адам 20 техника жұмылдырылған. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппаратының бақылауында.
Қала тазалығын тұрақты бақылауда ұстау жөніндегі қала басшысы М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданы аумағында тазалық жұмыстары күнделікті бекітілген кестеге сәйкес орындалуда.
Ауданның санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын «Жасыл жер» ЖШС тарапынан жолдарды, аялдамаларды, арықтарды тазалау жұмыстары тұрақты атқарылып келеді.
Бүгінде ауданда орталық көшелер мен ішкі орамдық жолдарға механикалық тазалау жүргізіліп, аялдамаларды жуу жұмыстары жүйелі өткізілді.
Кезекті тазалық жұмыстары Еңбекші ауданында жүзеге асырылды. Аудан аумағына қарасты басты көшелердің аялдамаларына механикалық жуу мен қолмен тазарту жұмысы атқарылды. Аялдамалардың шыны қорғандары сүртілді.
Бұл жұмыстарға 12 арнайы көлік, жаяу жүргіншілер жолын жууға 2 трактор, аялдаманы жууға 3 арнайы көлік жұмылдырылған.
Жалпы, санитарлық тазалық жұмыстары кезінде аяқжолдар да сыпырылып, қоқыс жәшіктері тазаланды. Жалпы, ауданда аталған жұмыс түрі күнделікті атқарылып, қала тазалығы басты назарға алынған.