Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспейтін көрінеді.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты медбикені зорлады деп күдіктелген дәрігерге үкім шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотында медбике К.ны зорлады деп күдіктелген дәрігер-нефролог Н.ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған ҚР ҚК нің 120-шы бабының 1-ші бөлігі, 121 бабының 1-ші бөлігімен айып тағылған болатын. Сот процесі барысында сотталушы Н. өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Әл-Фараби аудандық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,тағайындалған сот-биологиялық сараптама нәтижесі де, сотта сөз алған бес бірдей куәгерлер де жәбірленуші К.нің сотталушыға таққан айыбын растамаған.
Сондай ақ сот барысында тергеу кезінде жіберілген заң бұзушылықтар анықталып, тергеушіге қатысты қызметтік тексеру жүргізу үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысына сот жеке қаулы жолдады.
«Сот үкімімен кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты сотталушы Н. ҚР ҚК нің 120 бабының 1-ші бөлігі,121 бабының 1-ші бөлігімен тағылған айыптардан кінәсіз деп танылып ақталды. Сот үкім шығару барысында жәбірленуші мен сотталушының айғақтарын, куәгерлердің мәлімдемелерін, іс бойынша қандай да бір заттай айғақтардың болмауын, сот-биологиялық сараптама нәтижесін, істі тергеу кезінде жіберілген процессуалдық заңбұзушылықтарды ескерді. Қылмыстық істі қараған тергеуші Ж.ға қатыстыҚР қылмыстық процессуалдық кодексінің талаптарын бұзушылықтары бойынша Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысының атына сот жеке қаулы жіберді», - деп мәлімдеді Әл-Фараби аудандық сотының баспасөз қызметі.
Алайда жабық түрде өткен сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және жәбірленуші тарап Шымкент қалалық сотына апелляциялық шағым бермекші.
Сонымен қатар, «Не молчи» ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрі фейсбуктегі парақшасында сот үкімімен келіспейтіндігін,сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінен бұл іске назар аударуын сұрады. Оның пікірінше, оқиға болған ауруханадағы бейнежазбалар жоғалып кеткен және бас дәрігердің кабинетінде жәбірленушінің ата-анасынан қыздарын зорлағаны үшін сотталушының кешірім сұраған видеосы іске тіркелмеген көрінеді.
Еске сала кетсек, осыған дейін түркістандық медбикені зорлаған дәрігер ұсталғаны жайында хабарлаған едік.