Оқушылар сабақ аяқталған соң білім ұясының аумағынан тыс жерде төбелескен.
Шымкентте мектеп оқушылары төбелесіп, бір оқушы жарақат алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Оқиға 15 қараша күні болған. Шымкент қаласындағы нөмірі 34 мектептің 11 сынып оқушылары бір-бірімен керісіп қалған. Өзара керісіп келісе алмай төбелескен екі оқушының бірі іш тұсынан жарақат алған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі жарақат алған 16 жастағы баланы ауруханаға жеткізген.
"Бала іш тұсынан жарақат алған. Жара терең емес. Дәрігерлер тігіп берген соң амбулаториялық ем қабылдауға үйіне жіберілген. Жергілікті емхана дәрігерлерінің бақылауында болады", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мектеп директоры Қалтаева Жанат Тешебаеваның айтуынша оқушылар сабақ аяқталған соң білім ұясының аумағынан тыс жерде төбелескен.
"Екеуі де бір-бірімен дос бала. Кеше осы оқиға бойынша балалармен де, ата-аналармен де сөйлестік. Жарақаттанған баланың ата-анасы да ешкімге ешқандай шағым арызы жоқ екендігін айтып отыр. Баланың жағдайы жақсы,"- деп мәлімдеді мектеп директоры.