Шымкенттік ананың жағдайы қазір жақсы.
Шымкент қаласында өкпесі 80 пайыз зақымданған науқас аурудан айықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала тұрғыны Татьяна Пак ағымдағы жылдың 4-ші тамыз күні өте ауыр халде Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген болатын. Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды.
Науқастан коронавирус инфекциясы мен өкпесінің 80 пайызы зақымданғаны анықталған. Бұған қоса пациент өздігінен дем ала алмағандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
1976 жылы туған қала тұрғынына дәрігерлер хаттама бойынша толық емдеп, антикоагулянтты және антибактерильдық терапия бойынша көмек көрсеткен. Бір айдан аса жансақтау бөлімінде ем алған науқасты дәрігерлер жағдайы жақсарған соң бөлімшеге ауыстырды.
Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлер тыныс алу жиілігі жақсарғанын айтады. Науқасынан айыққан екі баланың анасын дәрігерлер үйіне шығарды.