Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялауға және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда Қазақстанның ірі мегаполисі – Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға ерекше назар аударылып, бұл салада ауқымды және жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Бұл бастамалар жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті оятып, салауатты өмір салтын ұстануға және мәдени мұраны қадірлеуге тәрбиелеуді көздейді.
Жолдаған сауалымызға орай, Шымкент қаласы Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы – Азамат Алматұлы Нұрымбетов атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Ұрпақ тәрбиесіндегі туризмнің маңызы қандай?
Азамат Алматұлы бұл бағыттың қоғам үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
- Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялауға және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен «Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған жол картасы» аясында жүзеге асырылуда. Бұл өңірлік жоспар бізге туристік-өлкетану бағыты бойынша нақты іс-шараларды ұйымдастыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде, - дейді ол.
«Экология, өлкетану және туризм орталығы»: дағдыларды қалыптастыру
Азамат Алматұлының айтуынша, жүйелі жұмыстардың өзегі – «Экология, өлкетану және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталықта бүгінде туризм және өлкетану бағытында 14 үйірме тұрақты жұмыс істейді.
Үйірмелердің бағыттары мен қамтуы:
- «Жас өлкетанушы»
- «Жас экскурсовод»
- «Жас турист»
- «Велотуризм»
- «Жаяу туризм»
- «Жас құтқарушы»
Азамат Алматұлының атап өткендей, бұл үйірмелерге 28 топта 266 оқушы тартылған. Оқушылар табиғатты қорғау, туған жер тарихын зерттеу, төтенше жағдайларда әрекет ету және белсенді өмір салтын қалыптастыру бағытында маңызды дағдыларды меңгеруде.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.
– Біздің мекеме туристік құрал-жабдықтармен (шатырлар, арқан-жіптер, каскалар, сақтандыру белдіктері мен навигациялық құрылғылар) толық қамтамасыз етілген. Бұл жабдықтар оқу-жаттығулар кезінде тиімді пайдаланылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - дейді Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы.
Сонымен қатар, туристік-өлкетану бағытындағы белсенділер қатарын арттыру мақсатында «Турист мектебі» және «Жас өлкетанушылар» жобалары табысты жүзеге асырылуда екендігін де атап өтті ол.

Біліктілікті арттыру және әдістемелік даму
Орталықтың мамандары да өз біліктіліктерін арттыруға айрықша көңіл бөледі. 2025 жылы мекеме қызметкерлері Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, туристік-өлкетану саласындағы әдістемелік тәжірибелерін жетілдірген.
– Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы №28, 36, 39, 40, 18, 43, 103, 135 сияқты мектептер мен колледждерде туристік-өлкетану қызметін дамытуға арналған арнайы байқаулар өткізілді. Бұл іс-шаралар білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестікті арттырып, сапалы туристік бағыттарды дамытуға серпін береді, – деп толықтырды Азамат Алматұлы.
Ауқымды іс-шаралар, жарыстар мен фестивальдар
Өңірлік жоспар аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылады:
1. «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық слетінің қалалық кезеңі: 2025 жылдың 20–22 мамыр күндері өткен бұл шараға 570 қатысушы (оқушылар, жетекшілер және төрешілер) қатысты. Слет барысында қатысушылар:
- Жаяу туризм техникасы;
- Бағдарлау (ориентирование);
- Төтенше жағдайларда көмек көрсету;
- Өлкетану тапсырмалары;
- Командалық сайыстар бойынша өзара бақ сынады.
Қалалық кезеңнің жеңімпаз командасы 24–27 қыркүйек аралығында Ақмола облысында өткен республикалық слетте Шымкент қаласының намысын абыроймен қорғады.
2. Инклюзивті Туризм және Шеберлік Сабақтары: Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған Shymkent Creative Hub орталығында жүйелі түрде шеберлік сабақтары өткізіледі. Бұл жерде инклюзивті туризм бағыты енгізіліп, оларға арналған экскурсиялар мен іс-шаралар ұйымдастырылды.
– Инклюзивті туризм балалардың қоғамға бейімделуіне және өз әлеуетін ашуына үлкен мүмкіндік берді. Әр баланың өмірдегі орнын табуына көмектесу – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз, – дейді Азамат Нұрымбетов.
3. «Батпырауықтар Фестивалі»: Ағымдағы жылдың 26 қазанында Shym City саябағында Республика күні мерекесіне орай «Батпырауықтар фестивалі» ұйымдастырылды. Фестиваль барысында қатысушылар түрлі-түсті мыңдаған батпырауықтардың аспан төрінде самғауын тамашалап, әртүрлі шығармашылық және спорттық жарыстарға қатысу арқылы белсенді демалыс өткізді. Іс-шараға балалар мен ересектер белсенді қатысып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шығармашылық байқаулар мен көңілді ойындар балалардың қиялы мен эстетикалық талғамын дамытуға жағдай жасады.
4. Танымдық Экскурсиялар: Visit Shymkent ақпараттық орталығы тарапынан балалар мен жасөспірімдерге арналған қалалық танымдық экскурсиялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.
– Экскурсиялар барысында қатысушылар Шымкент қаласының тарихи-мәдени нысандарымен және заманауи туристік орындарымен танысады. Бұл бастама өскелең ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, қала мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Осылайша біз отаншылдық сезімін экскурсия арқылы қалыптастырамыз, – деп түйіндеді Азамат Алматұлы.
Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жұмыстары өңірлік жоспарға сәйкес және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы бастамалар жас буынның елге, табиғатқа және мәдени мұраға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға зор ықпал етуде. Шымкент өңіріндегі бұл жүйелі жұмыс болашақта туризм саласындағы білікті кадрларды даярлауға да негіз қалайды.


