Шымкентте өзбек этносының тілі мен мәдениеті күні өтті

0
1 947

Мерекелік шараға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің барлық аймақтарынан қонақтар қатысты.


Шымкентте өзбек этносының тілі мен мәдениеті күні өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығы ұйымдастырған іс-шарада өзбек халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, арнайы концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мерекелік шараға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің барлық аймақтарынан қонақтар қатысты.
Көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және екі елдің зиялы қауым өкілдері елдің берекелі бірлігін нығайтудың маңызына кеңінен тоқталды.
«Елімізді мекендеген түрі этнос өкілдерін көк тудың астына жинап, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Бұл жетістікке қазақ халқының кең ықылас-пейілінің, бауырмал достығының арқасында және ел басқарған азаматтардың сарабдал саясатының нәтижесінде қол жеткіздік. Осы бағытымыздан таймай бір үйдің баласындай жұмыла жұмыс істесек, талай асуларды бағындырарымыз сөзсіз, - деді жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткері Розақұл Халмурадов.
Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев Қазақстанда барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына барынша жағдай жасалғанына ризашылығын білдіріп, мұндағы игі бастамалар жалпы түркі әлеміне үлгі, бірлігі үшін маңызды екенін тілге тиек етті.
Айта кету керек, миллионнан астам тұрғынның ортақ шаңырағы болған Шымкент қаласы жұртшылығының 17 пайыздан астамын өзбек этносының өкілдері құрайды.
Қаламызда өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, отыз жылға жуық уақыт бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласты.
Былтыр осы этномәдени бірлестік қалалық мәртебесін алып, осындағы 178 мың өзбек этносы өкілдерінің қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуіне ұйытқы болып отыр.
Бірлестік жанындағы ақсақалдар алқасы, жастар қанаты, «Бахор», «Феруз» шығармашылық ұжымдары Шымкенттің дара дәстүрін жалғап, қоғамдық-мәдени тұрмысын байытып келеді.