Шымкентте соңғы аптада 152 қылмыстық іс тіркелді: тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ескертілді

0
80

Мұндай жағдайлар жиілеп келе жатқандықтан, құқық қорғау органдары қала тұрғындарын аса сақ болуға шақырады. Кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, қаржылық шешім қабылдамау ұсынылады.


Шымкентте соңғы аптада 152 қылмыстық іс тіркелді: тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ескертілді

Өткен аптада Шымкент қаласында қылмыстық қудалау органдары 152 қылмыстық істі тіркелген.

Олардың басым бөлігі — алаяқтық (49 іс), ұрлық (30 іс), есірткі заттарының заңсыз айналымына (15 іс) және жол-көлік оқиғаларына (7 іс) қатысты деректер.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Қалада интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары жиілеген. Соның ішінде 14 іс онлайн сауда және жалған қызметкерлердің атынан қоңырау шалу тәсілімен жасалған. Мәселен, «К» есімді тұрғынға өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам «сіздің атыңызға заңсыз несие рәсімделіп жатыр» деген сылтаумен сеніміне кіріп, 2 миллион 312 мың теңгесін иемденіп кеткен. Қазір бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Мұндай жағдайлар жиілеп келе жатқандықтан, құқық қорғау органдары қала тұрғындарын аса сақ болуға шақырады. Кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, қаржылық шешім қабылдамау ұсынылады.
Сондай-ақ интернеттегі есірткі саудасы да қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өткен аптада «М» есімді азамат өз шотына белгісіз тұлғадан 100 мың теңге түскенін айтып, оны кері қайтарған, ал сыйақы ретінде 10 мың теңге алған. Кейін белгілі болғандай, бұл қаражат есірткі сатумен айналысқан тұлғалар арқылы жіберілген. Осыған байланысты полиция тұрғындарға өз банк карталарын бөгде адамдарға пайдалануға бермеуді және күдікті ұсыныстардан бас тартуды ескертеді.
Ұрлық деректері де тыйылар емес. 5 қазан күні көпқабатты үй ауласында тұрған мопед ұрланып, иесіне 250 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Сондай-ақ мешітке намазға келген азаматтың ұялы телефоны қолды болған.
Полиция тұрғындарға жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауды, қоғамдық орындарда абай болуды және бөтен адамдарға сенбеуді ескертеді.
Бөлісу