​Шымкентте судағы қауіпсіздікке бағытталған шаралар күшейтілуде

0
230

Су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басты міндеттерінің бірі.


​Шымкентте судағы қауіпсіздікке бағытталған шаралар күшейтілуде

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Қаланың климаттық ерекшеліктеріне байланысты шомылу маусымы ерте басталып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шаралары сәуір айынан бастап белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында республика көлемінде 30-ға жуық адам суға батып, олардың арасында балалар да бар. Ал Шымкент қаласында ағымдағы жылы судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауға байланысты қайғылы жағдайлар тіркелмеген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2024 жылы қалада екі оқиға тіркеліп, оның бірі балаға қатысты болған.

Шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты шаралар қабылданды:
Біріншіден, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен «2025 жылғы шомылу маусымы кезеңінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Жоспар барлық уәкілетті органдардың міндеттерін нақтылай отырып, еріктілердің қатысуымен судағы қауіпсіздікті сақтау бағытындағы кешенді жұмыстарды қамтиды.
Екіншіден, сәуір айынан бастап 105 профилактикалық рейд ұйымдастырылып, олар демалыс және мереке күндері күшейтілген тәртіпте жүргізілуде. Рейд барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған бір азаматқа 13 762 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Үшіншіден, тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстар күшейтілді. «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбындағы бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, кинотеатрлар, автобустар мен адам көп жиналатын орындардағы LED экрандар арқылы көрсетілуде. Сонымен қатар, 112 қызметі арқылы тұрғындардың мобильді құрылғыларына күнделікті ескерту хабарламалары жолдануда.
Төртіншіден, балаларды жүзуге тегін үйрету бойынша жергілікті бассейндермен түзілген меморандумдарға толықтырулар енгізілуде. Аптаның нақты күндері мен сағаттары белгіленіп, оқытылатын балалар тізімі алдын ала дайындалады.
Бесіншіден, шомылуға тыйым салынған орындар тізімі қайта қаралып жатыр. Бұған дейін 13 орын есепке алынған болса, бұл көрсеткіш 30-ға дейін ұлғайтылады. Жаңартылған тізім Ашық НҚА порталында жарияланып, кейін Әділет департаментіне жолданады. Маусым айының бірінші онкүндігінде мәслихаттың бекітуіне ұсынылады.
Анықтама үшін: Бүгінге дейін «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 3 брифинг өткізілді, телеарналарда 15 мәрте сөз сөйленді, 13 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 85 ақпараттық материал орналастырылды. Сондай-ақ, 11 025 үлестірме материал – буклеттер мен жадынамалар таратылды.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар шомылу маусымы соңына дейін, яғни қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады. Баршаңызды судағы тәртіпті сақтауға және арнайы белгіленбеген жерлерде шомылмауға шақырамыз. Сіздің қауіпсіздігіңіз – біздің басты назарымызда.