Шымкентте «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы аясында 27 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды

0
77

Акция басталғаннан бері 643 мыңға жуық адам қатысып, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік мекеме атсалысты. Тазалық жұмыстарына 10 850 бірлік техника жұмылдырылып, нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қала аумағынан шығарылды.


Шымкентте «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы аясында 27 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды

Шымкент қаласында «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы тұрақты өткізіліп келеді. Акция аясында 27 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылған.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек айтты.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала тұрғындарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың белсенді қатысуымен жүзеге асқан сенбіліктер барысында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Акция басталғаннан бері 643 мыңға жуық адам қатысып, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік мекеме атсалысты. Тазалық жұмыстарына 10 850 бірлік техника жұмылдырылып, нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қала аумағынан шығарылды.
Экологиялық бастаманы қолдау мақсатында қала аумағында 2025 жылы 25 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, Астана және Шымсити шағын аудандарындағы жаңадан салынған басты көшелер бойына ағаш отырғызу жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады. Бұдан бөлек, акция аясында саябақтарда, магистралды көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында тағы шамамен 10 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Қала аумағында жалпы көлемі 400 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 27 көше қамтылды. Жоспарланған жұмыстардың орындалу деңгейі бүгінде 85 пайызға жетті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жүргізілуде.
Тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау мақсатында Тұран-2 шағын ауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Сонымен бірге, тағы бес саябақтың құрылысы (А.Молдағұлова көшесі, Жангельдин көшесіндегі «Қарасу» өзені маңы, Диваев көшесі бойы, Жібек жолы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысы, Шымсити шағын ауданындағы Есімхан көшесі бойы) қарқынды жалғасуда. Сондай-ақ, «Отбасы» аллеясы, Нұрсат шағынауданындағы «Бәйтереков» гүлзары, «Этно», «Абай», «Жеңіс» және «Алатау» саябақтарында балалар ойын және спорт алаңдары пайдалануға берілгенін айтты қала әкімінің орынбасары.
Бөлісу