Шымкентте тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары басталды

0
180

Биыл тұмауға қарсы 150 мың адамды, яғни қала халқының 12 пайызын қамту жоспарланып отыр.


Шымкентте тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары басталды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының денсаулық сақтау ұйымдарында тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары басталды. Тұрғындарға вакцина медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қауіп тобына жататын азаматтарды иммундау үшін «Гриппол Плюс» вакцинасының 150 мың дозасы сатып алынды. Вакцина қаладағы медициналық ұйымдарға жеткізіліп, егу жұмыстары басталды.
Биыл тұмауға қарсы 150 мың адамды, яғни қала халқының 12 пайызын қамту жоспарланып отыр.
Вакцинация тіркелген немесе тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.
Тұмауға қарсы вакцинация келесі қауіп топтарына жүргізіледі:
• медицина қызметкерлері;
• алты айдан асқан жиі ауыратын балалар;
• білім беру ұйымдарындағы балалар;
• балалар үйлерінің тәрбиеленушілері;
• медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары;
• жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар азаматтар;
• тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар азаматтар;
• эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинацияланатын адамдар;
• жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер.
«Гриппол Плюс» – тұмаудың алдын алуға арналған үшвалентті инактивтелген вакцина. Вакцина алты айдан бастап балаларға, ересектерге жас шектеуінсіз, сондай-ақ жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге қолдануға рұқсат етілген.
Вакцинация алдында азаматты медицина қызметкері қарап, денсаулық жағдайын бағалайды. Егу медициналық қарсы көрсетілімдер ескеріле отырып жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация инфекцияның алдын алуға, аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Әсіресе қауіп тобындағы азаматтардың дер кезінде вакцина алуы маңызды.