Қылмыскер жәбірленушінің құны 167 000 теңге тұратын ұялы телефоны мен 6500 теңге ақшасын тартып алған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте үй иесіне шабуыл жасап, бағалы заттарды тонамақшы болған ер адам 4 жылға сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2019 жылдың 9 қаңтарында түнгі сағат 2.00 шамасында сотталушы Шымкент қаласы Мангельдин көшесіндегі көпқабатты үйдің алдындажалғыз кетіп бара жатқан әйелді байқап қалып, жәбірленушінің соңынан подъезге кірген. Әйелдің ізінен қалмаған ол жоғары қабатқа ілесе көтеріліп, жәбірленушінің арқасынан итеріп жіберіп пәтеріне күштеп кіріп алған. Содан кейін, қарсылық көрсеткен пәтер иесінің жағынан бір рет соққы беріп, қорқытып ақша талап еткен. Сөйтіп, жәбірленушінің құны 167 000 теңге тұратын ұялы телефоны мен 6500 теңге ақшасын тартып алған және ұялы телефонның қуаттағышын беруді талап еткен. Ал, әйел қуаттағыштың жатын бөлмеде екендігін айтып, екеуі сол бөлмеге бірге барған. Сотталушы жатын бөлмеден бағалы заттар мен ақша іздеп жатқан кезде әйел пәтерден қашып шыққан.
Содан соң, бөтеннің үйін тонап шыққан қылмыскер үй алдындағы полицейлерді көріп қашқан. Алайда, тәртіп сақшылары қылмыскерді құрығынан шығармай,Мангельдин көшесінде орналасқан мектептің артында қуып жетіп, тонаушыны қамауға алған және ер адамнан 7 000 теңге мен ұялы телефон тәркіленген.
Бұрын да істі болған ер адамның қылмысына қатысты Абай аудандық сотында үкім шықты.
«Сотталушы Г. өз әрекеттерімен ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 191-бабының2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарымен көзделген қылмысты жасаған. Демек, Г. өзінің қылмыстық әрекеттерін, оған байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмаған, яғни оның жымқырылған мүліктерді пайдалануға немесе өз қалауы бойынша билік етуге нақты мүмкіндігі болмаған. Айтылғандардың негізінде, сот, Г-ның іс-әрекеттері ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 191-бабы 2-бөлігі 1 және 4-тармақтарына сәйкес қайта саралап, оған осы бап бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды.
Сонымен қатар, ҚК-нің 60-бабының 1,4-бөліктерін қолданып, Астана қаласының Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы, түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген Шымкент қалалық сотының мәлімдемесінде.