Қазіргі уақытқа дейін 13 отбасы алған қаржыны бюджетке өз еркімен қайтарған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласында 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 46 992 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 69 044 отбасының өтініштері қаралып, 46 992 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған және 12 361 отбасыға әлеуметтік көмектен бас тартылған.
Оның ішінде шартты ақшалай көмек тағайындалған 47 284 отбасы немесе 224 901 адамның 80 421 адамы жұмысқа жарамды деп танылып, 4 189 адамы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданыпты.
Ал, әлеуметтік келісім шарттағы міндеттемеге сәйкес шартты ақшалай көмек алған отбасылардың 3 746-сы қаржыны жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға және 4085-сі дара кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыруға жұмсаған.
Сондай-ақ, өтініштердің үлкен ағымына байланысты, сәуір-мамыр айларында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында бірқатар кемшіліктер жіберіліп, кемшіліктерді жою мақсатында арнайы жұмыс топтары мониторинг жұмыстары жүргізген. Нәтижесінде кірісін жасырған 8 222 отбасы қайта есептелген және қайта зерделеу барысында 3 671 отбасыға жәрдемақы төлемі тоқтатылған.
Айта кетейік, қазіргі уақытқа дейін 13 отбасы иеленген қаржысын өз еркімен бюджетке қайтарған және 17 отбасы қаржысын қайтару бойынша екі жақты келісімге келген.