9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы мектеп құрылысы алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіның мәліметінше, бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді.
Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.
Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Аталған нысандарды аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына сақадай сай етіп жасақтауды ескертті.