Түркістан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан Абзал Өткіров бас ми жарақатының ауырлығынан, ес жимаған күйінде жантәсілім етті.
Шымкентте жаппай төбелестен таяқ жеп, комаға күскен 17 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды ERNUR.KZ
ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан Абзал Өткіров бас ми жарақатының ауырлығынан, ес жимаған күйінде жантәсілім етті.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, жасөспірім ауруханаға 23 мамыр күні жатқызылған.
«Науқас 23.05.2020ж түнгі сағат 01:55-те медициналық жедел-жәрдем қызметімен ауыр халде жеткізілген. Науқас ауыр жарақат алған болатын. Аурухана дәрігерлері жедел түрде науқасты тиісті медициналық тексеруден өткізіп, зерттеулер жүргізді. Науқастың бас миына қан кеткені анықталды. Жедел түрде ота – декомпрессивті трепанациясы жасалынды. Науқасқа алған жарақатына және жағдайының ауырлығына байланысты қажетті ем жансақтау бөлімінде көрсетілген. Оны ұзақ жолға алып шығу қауіпті болғандықтан дәрігерлер Ұлттық ғылыми орталығынының мамандарынан телемедицина арқылы кеңес алып, емдік шараларды жасады. Алайда 1-ші маусым, түнгі сағат 23:45-те жасөспірім көз жұмды. Комада жатқан күйі ес жимай қайтыс болды», - делінген басқармасының хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін марқұмның туыстары 22 мамыр күні Шымкенттің іргесіндегі Маятас елдімекенінде жаппай төбелес болғанын айтқан. Онда болған екі жасөспірім соққы алып, 17 жастағы жасөспірім ауыр жарақатымен ауруханаға түскен. Науқас баланың ағасы төбелес кезінде тіпті інісінің басын шлакоблокпен ұрғаны, тіпті тырнақтарын жұлып тастағанын туралы айтқан. Қазіргі таңда Шымкенттің Полиция департаменті төбелеске байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.