Бұл жолы КВИ-ге қарсы екпе егу жұмыстары М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназиясында жалғасты.
Шымкентте емханалар мен білім беру ұйымдарының егу пункттерінде жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жолы КВИ-ге қарсы екпе егу жұмыстары М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназиясында жалғасты. Қалалық №14 емдеу орталығының дәрігерлері мектепте жасөспірімдерге екпе салды.
Мектеп директоры Айнұр Сахованың айтуынша, аталған білім ұясында 12 мен 17 жас аралығында 883 оқушы оқиды. Оның ішінде Комирнати (Pfizer өндіруші) вакцинасын салдыруға 100-ге жуық ата-ана ниет білдірген. Қала тұрғыны Гүлжан Нұрлыханқызы мектептегі екпе егу пунктіне екі баласына вакцина салдыруға келген. Ұлы Дарын Абдраман 10-сыныпта оқыса, қызы Сабира Абдраман 9-сыныптың оқушысы.
– Көктемде жаппай вакциналау басталғанда, жұбайыммен алғашқылардың бірі болып екпе қабылдадық. Бүгін балаларыма вакцина салдыруға арнайы өзім келдім. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы вакцинаның пайдалы екенін айтып жатыр. Мектептегі медбике де бізге екпе алудың тиімді екенін түсіндірді. Сондықтан ұлым мен қызыма вакцина саламыз деп шештік. Бұған дейін созылмалы немесе жұқпалы аурулармен ауырмаған. Туғаннан бастап барлық екпені уақытында салдырып келдік. Соның арқасында балаларым ауырмады деп ойлаймын. Әркім саналы түрде шешім қабылдайды. Біз үшін ұл-қызымның саулығы маңызды, қазір олардың жағдайы жақсы, - дейді Гүлжан Ташманова.
Ал №14 емдеу орталығының СӨС дәрігері Әлия Бекболқызы түске дейін мектепте 30-дан астам оқушыға екпенің бірінші компоненті салынғанын мәлімдеді. Барлық жасөспірімнің жағдайы бақылауға алынған. Алғашқы 30 минутта күту залында дәрігерлердің бақылауында болса, 3 күн мектептің медбикесі екпе алған оқушылардың денсаулығын қадағалап отыратынын жеткізді.