Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағына 500-ден астам жас қатысты

0
838

«Жасыл Ел» еңбек жасақтары 14-29 жас аралығындағы жастардың жазғы демалыс кезеңінде студенттік отрядтарда әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.


Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағына 500-ден астам жас қатысты

Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасағының 500-ден астам мүшесі қаламыздың тазалығына атсалысып, шаһардың көркеюіне өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл игі іс «Жасыл ел» бағдарламасының аясында іске асып жатыр. Биыл қалада 1313 студентті мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған болатын.

Қазіргі таңда «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының мүшелері мегаполис аумағындағы аудандарда тұратын ардагерлердің үйлерін тазалап, мемлекеттік маңызы бар сакралды нысандардың ауласындағы ағаштарды әктеу, гүлдерді суару жұмыстарына тартылды. Бір айда (маусым айының 24-нен 24 шілде аралығы) 500 студент-жас белсенділік көрсетіп, өз қаласына деген жанашырлығын танытты. Олар 45 гектар аумақты тазалап, шамамен 50-60 тоннаға жуық қалдықтарды шығарған.

Айта кетейік, «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына биыл 27-ші жыл. Бағдарлама аясында жаз мезгілінде студент-жастарымыз еліміздің көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына тартылып, еңбекпен қамтылады. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама осы жылдар ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.

«Жасыл Ел» еңбек жасақтары 14-29 жас аралығындағы жастардың жазғы демалыс кезеңінде студенттік отрядтарда әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Жасыл ел» еңбек жасақтары қаламызда Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында өз жұмыстарын жалғастыруда. Жұмыс уақыты аптасына 2 рет, сағат 9:00 - 14:00 уақыт аралығын қамтиды. Жалпы айына 8 рет жұмысқа шығады. Айлық көрсеткіші 60 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда, «Жасыл ел»еңбек жасақтары Абай ауданы бойынша 8 мөлтек ауданы, Әл-Фараби ауданы бойынша төменгі Отырар, Спорт шағын аудандарында Қаратау ауданы бойынша Нұрсәт мөлтек ауданына және Нұрсәт 2 абаттандыру жұмыстары жүргізілді.