Салалық кеңес мүшелері мен мемлекеттік орган өкілдері бұл мәселені шешу жолдарын бірлесе қарастыруға келісті.
Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелері қаралды.
Іс-шараға Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ысқақов, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев, сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарының басшылары, кәсіпкерлер және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілдері қатысты.
Кеңес отырысын ашқан Мақсат Өткелбаев жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктерін жан-жақты талқылау екенін атап өтті.
«Қаламыздағы жекеменшік мектептер Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, туындаған мәселелерді ортаға салып, бірлесіп шешу жөнінде ұсыныс білдірді. Бүгінгі отырыста осы саладағы өзекті жайттарды талқылап, ортақ шешім қабылдауға тырысамыз», – деді ол.
Білім беру салалық кеңесінің төрайымы Диана Караманова жиынға себеп болған өзекті жайтқа тоқталды. Оның айтуынша, жақында «Қаржы орталығы» АҚ-нан жолданған хаттамалық шешімде жекеменшік мектептерді қаржыландыру тек жобалық қуаттылық шегінде жүргізілетіні және тек 10–15% көлемінде ғана артық оқушыға қосымша қаражат қарастырылатыны көрсетілген.
«Бұл шешім жаңа оқу жылы басталғаннан кейін қабылданып отыр. Қазіргі уақытта жекеменшік мектептерде білім алушылар қабылданып, келісім-шарттар жасалған, сабақ процесі толыққанды жүріп жатыр. Ұлттық білім беру деректер қорына барлық оқушы туралы ақпарат енгізілген. Қазіргі таңда Шымкенттегі жекеменшік мектептерде жобалық қуаттылықтан тыс 6 937 оқушы білім алуда. Бұл – мемлекеттік мектептердегі үш ауысымда оқу мәселесін шешуге жекеменшік мектептердің қосып отырған нақты үлесі», – деді Диана Караманова.
Салалық кеңес мүшелері мен мемлекеттік орган өкілдері бұл мәселені шешу жолдарын бірлесе қарастыруға келісті. Жекеменшік мектептерді тиісті деңгейде қаржыландыру – ұстаздардың жалақысы мен оқу процесінің тұрақтылығы үшін аса маңызды екені атап өтілді.