Шымкентте жер телімін өз бетінше иеленген 200-ден астам азамат анықталған

0
1 072

Бұл іс-шара Шымкент қаласы әкімінің 2019 жылдың 8 ақпандағы №10 өкіміне және 2019 жылдың 3 сәуірдегі өткен мәжілістің №23 хаттамалық тапсырмасына сәйкес жүргізілген.


Шымкентте жер телімін өз бетінше иеленген 200-ден астам азамат анықталған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында жерді өз бетінше иеленген азаматтарды анықтау барысында зерделеу жұмыстары жүргізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының 2019 жылдың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов баяндады.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы әкімінің 2019 жылдың 8 ақпандағы №10 өкіміне және 2019 жылдың 3 сәуірдегі өткен мәжілістің №23 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында жерді өз бетінше иеленген және ауыл шаруашылық мақсаттағы жер телімдерін зерделеу нәтижесінде жалпы 247 жер телімі анықталған. Оның 58-і тұрғын үй, 37-і құрылысы аяқталмаған үй болса, 58-і фундаменті соғылған жер және 72-і ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Тиісінше, жоғарыда аталған тапсырмаға сәйкес жер телімдерін өз бетінше иеленген азаматтардың үйлерін заңдастыру мақсатында 24 тұрғын үй заңдастырылып, қосымша 6 тұрғын үйдің құжаттары жер комиссиясына ұсынылған.

Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданының әкімі Төле би көшесі «Қырғы базар» аумағындағы ретсіз сауда өзекті мәселелердің бірі болуына байланысты, «Қырғы базар» аумағында ретсіз сауда жасап отырған тұлғалардың тізімі жасақталып, базар әкімшілігімен түзілген меморандум аясында базар аумағында бос сауда орындары ұсынылғанын айтты.

«Саудагерлермен келісім шарт негізінде 30 адам «Қырғы базарға», 40 адам «Визит» ЖШС-ның аумағында 2 ай көлемінде ақысыз жұмыс жүргізуге орналастырылды. 2019 жылдың 10 ай бойынша аудан аумағында ретсіз саудамен айналысқан 439 тұлғаға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204 және 505-бабтарына сәйкес, 367 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 338 919 теңге көлемінде айыппұл салынды және оның 153 262теңгесі өндірілген. Сонымен қатар, аудан аумағындағы заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алу бойынша түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 73 заңсыз дүңгіршектер алынды», - дейді Ғ.Мәуленқұлов.

Одан бөлек брифинг барысында аталған аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстарымен 5 мердігер мекеме қызмет атқарып жатқаны және бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үй аулаларын аптасына 3 рет, жеке сектор аумағын аптасына 2 рет тазалау жұмыстары кестеге сайкес жүргізіліп жатқаны белгілі болды.