Биыл жыл басынан бері қала аумағында 304 шақырым жолға асфальт төселген. Жол жұмыстарымен қатар, қоғамдық көлік қызметін арттыруға баса назар аударылуда.
Шымкент қаласында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды және жүйелі жұмыстар қарқынды атқарылуда. Бұл жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен арнайы брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек толыққанды ақпарат берді.
Сәрсен Құранбек биылғы жыл басынан бері қала аумағында орасан зор жұмыс атқарылғанын мәлімдеді. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері 304 шақырым жолға асфальт төселді. Бұл көрсеткіш қаланың барлық аудандарын қамтыған:
- Абай ауданында – 80,4 шақырым;
- Тұран ауданында – 60,7 шақырым;
- Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым;
- Қаратау ауданында – 78,5 шақырым;
- Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым.
Әкім орынбасарының айтуынша, бұл жұмыстар ең алдымен шалғайдағы елді мекендердің қала орталығымен байланысын нығайтып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге елеулі үлес қосуда. Жалпы, ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсат қаланың көлік инфрақұрылымының сапасын Еуропалық стандарттарға жақындатуға бағытталған.
Жол жұмыстарымен қатар, қоғамдық көлік қызметін арттыруға баса назар аударылуда. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін және қаланың жаңа дамып келе жатқан аудандарының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды.
Бұл жаңа бағыт Тоғыс тұрғын алабын толық қамтып, тұрғындарды қаланың маңызды нүктелерімен байланыстырады. Бағыт Мұнайбарлаушылар көшесінен басталып, қалалық көлік-логистикалық орталығына жақын орналасқан «Көл» аялдамасына дейін қатынайды.
Жобаның алғашқы кезеңі тұрғындардың ыңғайлылығын анықтау үшін пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес, жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды, бұл жаңа бағыт үшін тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа №8 бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін және тұрғындардың қатынау жағдайын айтарлықтай арттыра түсті.


