Жобаға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, алғашқы үш станция биыл іске қосылды. Олар Шымкент–Сайрам және Шымкент–Қарамұрт бағыттарында орналасқан.
Шымкент қаласы өзінің транзиттік әлеуетін арттыру және инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында екі ірі жобаны іске асыруда. Бұл жобалардың бірі – қаладағы жолдардың сақталуы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталса, екіншісі – әуежай инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға жеткізуді көздейді.
Бұл маңызды жаңалықтар туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.
Шымкент қаласында ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын бақылау арқылы жолдардың тез тозуының алдын алу мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) орнатылуда. Бұл жобаға жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Әкім орынбасарының мәліметінше, жобаның бірінші кезеңі аясында алғашқы үш станция биыл іске қосылды. Олар қаланың негізгі кіреберіс және транзиттік бағыттары – Шымкент–Сайрам және Шымкент–Қарамұрт жолдарында тиісті орындарда орналасқан. 15 қазаннан бастап бұл станциялар толық жұмыс режиміне көшіп, шамадан тыс салмақпен жүрген көліктерге автоматты түрде айыппұл салу жүйесі іске қосылды. Қоғамдық қауіпсіздік пен жол инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін қалада қосымша алты нүкте ашу жоспарланған.
Екінші ірі жоба Шымкент әуежайының халықаралық мәртебесін нығайтады. Әуежайда жаңа, заманауи ұшу-қону жолағының (ҰҚЖ) құрылысы басталды. Бұған дейінгі жолағы соңғы рет 2007 жылы жөнделген еді, сондықтан оның техникалық мүмкіндігі шектеулі болатын.
Жаңа ҰҚЖ 3500 метр ұзындықта және 60 метр енде салынады, бұл оның сипаттамаларын ИКАО-ның ІІІ санатына сәйкес келтіреді. Нысан заманауи жарық-сигналдық жүйемен жабдықталатындықтан, бұл ауа райы қолайсыз, көрінуі төмен жағдайда да ұшақтарды шегеусіз қабылдауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, төзімділігі жоғары жаңа жолақ арқылы ауыр жүк ұшақтары мен ірі жолаушы лайнерлерін (мысалы, Boeing 747 сияқты) шектеусіз қабылдау мүмкін болады.
Қала әкімдігі бұл екі жобаның да Шымкенттің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, қала экономикасына, логистикалық және туристік салаларына тың серпін беретінін атап өтті. Жаңа АӨС станциялары жолдардың ұзақ мерзімді сақталуына ықпал етсе, әуежайдағы инфрақұрылымдық жаңғыру өңірдің халықаралық байланысын күшейтеді.


