Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары жуырда аяқталады

0
194

Қаладағы 2154 көпқабатты үйдің 99 пайызы және 476 әлеуметтік нысан толық дайындалды. Көмір қажеттілігі 23,3 мың тонна болса, қазіргі таңда 20,1 мың тоннасы жеткізілген.


Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары жуырда аяқталады

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) ақпарат алаңында өткен кезекті брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек қаланың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымының 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы туралы жан-жақты мәлімдеме жасады. Басшының айтуынша, дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр.

«3-Энергоорталық» АҚ-на жылу маусымына дайындық үшін бөлінген жалпы сомасы 743,5 млн теңгенің бүгінгі таңда 98 пайызы толық игерілген. Бұл қаржы негізінен жылу құрал-жабдықтарын жөндеу мен жаңғыртуға бағытталған. Қаладағы жылу беру жүйесін қамтамасыз ететін 27 қазандықтың 26-сы және 17 сорғы станциясының 16-сы қысқы маусымға толық дайындыққа келтірілген. Әкім орынбасары барлық қалған жұмыстардың 1 қазанға дейін толығымен аяқталатынын сендірді.

Жылу желілерінің жағдайы да жіті бақылауда. Жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайтын жылу желілеріне арнайы сынақ жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде анықталған 98 ақау толығымен және уақтылы жөнделді. Бұл жылу беру маусымы кезіндегі ықтимал апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» мекемесі 587 задвижканы ауыстырып, 1,9 шақырым құбырды жаңартты.

Энергетикалық қуаттылықты арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан ірі жобалар да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Құны 3,1 млрд теңгелік «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстарының 70 пайызы орындалған. Бұл жаңғырту жұмыстары жылу орталығының тиімділігін арттырып, қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етуге негіз болады.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының дайындығы жоғары деңгейде. Қаладағы 2154 көпқабатты үйдің 99 пайызы және 476 әлеуметтік нысан (мектептер, балабақшалар, ауруханалар) толығымен дайындалды.

Отынмен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда. Жылу беру маусымына қажетті жалпы көмір қажеттілігі 23,3 мың тоннаны құраса, қазіргі таңда оның 20,1 мың тоннасы жеткізілген. Яғни, тұрғындар қажеттілігінің 83 пайызы қамтылды. Бұдан бөлек, қала қоймаларында 37,8 мың тонна көмір қоры бар. Бұл қор келесі жылыту кезеңіндегі барлық қажеттіліктерді толығымен жабуға мүмкіндік береді. Көмірдің бағасы тоннасына 21 500 – 22 600 теңге аралығында тұрақты ұсталып тұр.

Жалпы, қаладағы жылу қазандықтары, сорғы станциялары, жылу желілері мен әлеуметтік нысандар қысқы маусымға толық әзір. Қала әкімдігі алдағы жылыту кезеңін тұрақты, апатсыз және тиімді өткізуге толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеп, тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

Бөлісу