Жиында көтерілген екінші мәселе – жобалық-сметалық құжаттамалардағы қателіктер.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында құрылыс салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылығы, құрылысшылар, кәсіпкерлер мен «Мемсараптама» өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында ғимараттар мен құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларына (ЖСҚ) ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізудің ұзақ мерзімі талқыланады.
Кеңес төрағасы Ойрат Мамыровтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттарға сараптама жүргізу үшін тапсырылған құжаттар – 5 жұмыс күні ішінде, ал сараптаманың өзі 60 жұмыс күні ішінде тексеріледі.
«Жобалық-сметалық құжаттамаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама ұзақ жүргізілуінің салдарынан жобаны іске асыру мерзімі ұзарады. 60 жұмыс күні дегеніміз – 3 айға жуық мерзім. Осы ішінде құрылыс материалдары қымбаттап, тапсырыс беруші түрлі шығындарға тап болады. Құрылғыларды шетелден жеткізушілерден прайсты алған сәтте осы сараптама жүргізілетін үш айдың ішінде теңгенің шетел валюталарымен бағамдық айырмашылығы да жоғарылайды», – дейді Ойрат Мамыров.
Ойрат Маратұлы бұл сұрақтар жергілікті жерде шешілетін ұсақ-түйек емес, заңды тұрғыда шешілуі тиіс ауқымды проблемалар екеніне тоқталды. Осыған орай құрылысшылар сараптама құжаттарын тексеру мерзімін – 3 жұмыс күніне, ал техникалық күрделілігі І және ІІ дәрежелі ЖСҚ-ға сараптама жүргізу уақытын 30 күнтізбелік күнге қысқартуды ұсынады.
«Мемсараптама» РМК Оңтүстік өңірі бойынша филиалының өкілдері бұл сұрақтармен таныс екендерін жеткізді. Әр құжатқа сараптама жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Кеңеске жиналғандар мәселенің шешімі ретінде кейбір типтік сараптамаларды жеделдетіп тексеруді талқылады. Мысалы, жобалық-сметалық құжаттамаларды техникалық күрделі және күрделі емес деп бөліп қарастыра алатындарын айтты.
Жиында көтерілген екінші мәселе – жобалық-сметалық құжаттамалардағы қателіктер. Соның салдарынан сметада кейбір жұмыстар мен материалдар ескерілмейді. ҚР Азаматтық кодексінің 645-бабының 4-тармағына сәйкес, мердігер құрылыс барысында ЖСҚ-да ескерілмеген жұмыстарды анықтаған жағдайда тапсырыс берушіге хабарлауға міндетті. Құрылыс бюджет есебінен қаржыландырылған жағдайда тапсырыс берушілер ЖСҚ-ға өзгеріс енгізбейді, ал сметада ескерілмеген барлық жұмыс пен материалға мердігер өзі қаржы бөледі. Тапсырыс беруші мемлекеттік ұйым сметада ескерілмеген жұмыстарды қабылдамайды және келісімшарт сомасын арттырмайды, себебі, ЖСҚ-ға сарапшылар қорытынды берген.
Үшінші мәселе – сметалық бағдарламалық АВС кешенінде қаралған жұмыстар мен материалдардың бағасы нарықтағы құнынан төмен және жөнделмейді. Инфляцияның жоғарғы деңгейі ескеріле отырып материалдар мен жұмыстың бағасы қымбаттауда, тиісінше, материалдар мен жұмыстардың дұрыс бағасын көрсету үшін сметалық бағдарламалық АВС кешенін жиі жаңартып отыру қажет. Құрылыс жұмыстары мен материалдың бағасы төмен қаралған смета түзілген жағдайда мердігерлер шығынға ұшырайды жән кейде жұмыстың сапалы аяқтауға мүмкіндік бермейді.
Кеңес отырысының қорытындысында Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен материалдар мен жұмыстардың аудандық коэфиценттерін есептеу мәселесін және құрылыс құны ескерілетін коммерциялық ұсыныстар мәселесін, Орталық аппаратпен келісімшарт түзу кезіндегі құрылыс материалдарының бағасын есепке алу бойынша заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыру талқыланды.