Қостанай облысында малы жоқтар мемлекетті алдап, ондаған млн теңге субсидия алған

0
197

Прокуратура аймақта жүздеген гектар жерді мемлекетке қайтарып алды


Қостанай облысында малы жоқтар мемлекетті алдап, ондаған млн теңге субсидия алған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қостанай облысының Алтынсарин ауданында заңсыз иемденілген жүздеген гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылып, бюджетке миллиондаған теңге қаражат өтелді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, Алтынсарин ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жеткілікті мөлшерде ауыл шаруашылығы малының болмағанына қарамастан жайылым жерлердің пайдаланылғанын, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекеттік субсидиялардың негізсіз алынғанын анықтады.

«Аймақтағы ауыл шаруашылығы кәсіпорны Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабының және «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 14-бабының талаптарын бұза отырып, 363 гектар жайылымды нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған, яғни мал жаю және жем-шөп дайындау үшін жеткілікті мөлшерде малдары болмаған. Сонымен қатар, бес ауыл шаруашылығы құрылымы мемлекет бюджетінен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған 38 млн теңгеден астам субсидияны ірі қара малдың аналық басын екі жыл бойы сақтамаған», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, прокурорлық қадағалау актілері негізінде анықталған заңбұзушылықтар жойылып, мемлекетке жайылым жерлер қайтарылды, сондай-ақ бұрын берілген субсидиялар толық көлемде өтелді.

Қайтарылған жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына енгізіліп, жер заңнамасына сәйкес азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін қайта бөлінетін болады.