Шымкентте өндірілген медициналық маскалардың алғашқы партиясы Нұр-Сұлтандағы бөлшек сауда желілеріне жеткізіледі.
100 мың маска (бетперде) елордалық дәріханаларға жеткізілетін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исақов айтты.
Бүгін Шымкентте өндірілген медициналық маскалардың алғашқы партиясы Нұр-Сұлтандағы бөлшек сауда желілеріне жеткізіледі. 100 мың дана маска әкелінеді. Зауыттағы бағасы - 49 теңге. Ал дәріханалар желілерінде 56 теңгеден сатылады деп күтілуде, - деді Исаков.
Өз кезегінде елордалық Денсаулық сақтау департаментінің өкілдері қалада бетперде тапшылығы тек бөлшек сауда желілерінде байқалатындығын, барлық медициналық нысандар маскалармен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Үкімет маска шығаруды бақылауға алды, экспортқа тыйым салды. Бүгін біз бөлшек сауда желісіне маскалардың жеткізілуін күтеміз, - деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.
Сонымен қатар, маскаларды аурудың белгілері бар адамдар ғана киюі керек екендігі баса айтылды.
Қорғаныштың қарапайым әдістерінің ең тиімдісі - бұл қол жуу, жеке гигиена. Маскалар қорғауға кепілдік бермейді, олар инфекцияны таратпау үшін түшкіруге арналған, - деді Зекен Исақов.