Шымкенттің бас дәрігері: "Дәрігерлердің кейбірі қарапайым адамдарға басқаша қарайды"

0
1 160

Бұл мәселені шешу үшін арнайы топ құру ұсынылды.


Шымкенттің бас дәрігері:

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы БАҚ өкілдерімен кездесуінде ақ халаттылардың бірқатар кемшілігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз брифингі өтіп, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байдувалиев Асхан БАҚ өкілдерінің алдында аталған саланың алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ, жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап берген денсаулық сақтау басқармасының басшысы медицина қызметкерлерінің этикасы мәселесіне байланысты жауап беріп, осы тақырыптағы кемшіліктерді жою жолдарын қарастыру керек екенін жеткізді.

«Мен бұл мәселені бірінші рет естіп отырған жоқпын. Мысалы, Шымкенттегі кейбір дәрігерлер бір бастық, журналист немесе басқа да құзырлы органдардан барса, қорыққанынан ба, сыйлағанынан ба, оларға басқаша жасайды... Ал, қарапайым адамдарға келгенде мүлдем басқаша... Бәрі емес, кейбіреулері... Бұл дұрыс емес және өте терең дүние. Сондықтан, осындай жағдайларды білетін болсаңыздар айтыңыздар, біз мәселені жоюға тырысамыз», - деді Байдувалиев Асхан өз сөзінде.

Сонымен қатар, медицина мәселелері талқыға түскен жиында БАҚ өкілдері тарапынан да аталған сала мамандарының қызмет көрсетуін бақылау мақсатында іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, тілшілер арнайы бақылау тобын құруды көздеп отыр. Ал, бұл топта денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен БАҚ өкілдері болуы керек және медициналық қызмет көрсету орталықтарын ескертусіз барып, тексеру қажет. Сонда ғана шынайы жағдайға көз жеткізіп, олқылықтарды түзетуге болатын көрінеді. Оның үстіне, бұл бастама қос тараптың да нәтижелі жұмыс жасауына себеп болмақ.

Өз кезегінде, денсаулық сақтау басқармасының басшысы да бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Дұрыс, өте орынды, келісемін! Сіздер маған ол топта қанша адам болатынын және олардың кім екенін анықтап, ұсыныс беріңіздер. Сосын, бәріміз кездесіп нақты жоспар құрып, жұмыс жасаймыз», - деді Байдувалиев Асхан Мархабайұлы.