Шымкент қаласына алдағы 3 жылда қала экономикасына 1,1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Мегаполис басшысы қызметіне жыл басында тағайындалған Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шаһар әкімінің айтуынша, 2019 жылы қала тұрғындарынан 217 сұрақ пен ұсыныстар берілсе, оның 186-сы өз шешімін тапқан. Ал қалған 31-і бақылауға алыныпты.
«2019 жылы Шымкент қаласындағы өнеркәсіп өнімі 15 пайызға, ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 19,2 пайызға, ал бөлшек сауда көлемі 7,1 пайызға артты».
Осылай деп өз баяндамасын бастаған Мұрат Әйтенов 2019 жылы іске асқан жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларын қала тұрғындарына таныстырды.
Өткен үш жылда қала экономикасына 991 млрд.теңге инвестиция тартылған. Салынған инвестициялар құрамындағы өнеркәсіп үлесі 30 пайыз, жылжымайтын мүлік пен операциялар 33 пайыз, көлік және қоймалау 13 пайыз, білім және медицина 4,5 пайызды құраған.
«Алдағы 3 жылда қала экономикасына 1,1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Оның ішінде шетелдік инвестициялардың 2,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 15 жобаны іске асыру басталады», - деді Мұрат Әйенов.